Баталов: Әкімдер отандық және шетелдік инветорларды тартуды күшейтуі тиіс

4 Қыркүйек 2019, 22:07
1296
Бөлісу:
Баталов: Әкімдер отандық және шетелдік инветорларды тартуды күшейтуі тиіс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен Президент Жолдауын талқылау жөніндегі жиын өтті.

Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қуаныш Асылов қатысты.

Жиында Амандық Баталов Жолдауда белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы облыстың атқарушы органдарына жүктелетін міндеттерді айқындап, тапсырмалар берді.

Облыс әкімі Жолдаудағы әр тармаққа кеңінен тоқталып, сол бағыттар бойынша өңірде атқарылатын істерді атап өтті.

«Алдағы 5 жылдыққа Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын дайындағанда әр ауданның өз басымдық беретін маманданған бағыты есепке алынуы қажет. Әкімдер отандық және шетелдік инветорларды тарту жұмыстарын күшейтуі тиіс. Жолдауда Президент баға мен тарифтерді қалыптастыру мәселесімен жүйелі түрде айналысу туралы айтты. Бұл мәселеде монополияға қарсы аумақтық департаментпен бірлесіп, ТҮКШ саласындағы табиғи монополиялар субъектілері тарапынан тұтынушылар қаржысының мақсатты пайдаланылуына бақылауды күшейтуді, тарифтердің өсуін тежеу шараларын қабылдауды тапсырамын», - деді Амандық Баталов.

Халық тұтынатын тауарлар өндіруге бағытталған «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Облыс әкімінің айтуынша, осыған қатысты 7 жоба 6,4 млрд теңгеге банктердің мақұлдауын алған. Үкімет тарапынан бұл бағдарламаға 600 млрд теңге бөлініп отырғанда, аудан, қала әкімдері бағдарламаға басымдық беріп, мақұлданған соманы әлі де арттыруға күш салуы тиіс. Шағын және орта бизнесті дамытқанда ауылдықтарға тұрақты жұмыс беріп, жұмыссыздықты азайтып, жергілікті бюджетті нықтауға жағдай жасалады. Бұл орайда Үкімет жаңа «Бизнестің жол картасы» бойынша алдағы үш жылға қосымша 250 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Салықтағы жеңілдіктер, тексеруге тыйым салу да ШОБ-ның жаңа тысын ашуға ықпал етпек. Осыған орай облыс әкімі Амандық Баталов аудан, қала әкімдерін отбасылық бизнестердің ашылуына, бірінші кезекте көп балалы және аз қамтылған отбасылардың жеке іс бастауына, яғни әлеуметтік аспектілерге екпін түсірілген бизнесті қолдау шараларын қабылдауға міндеттеді.

Сол сияқты ауыл шаруашылығын дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік саланы қолдау шараларына да тоқталып өтті. Мәселен, облыста 220 мың га суармалы жерді айналымға тарту жұмысы басталған, оның 39 мың гектары ағымдағы жылы қалпына келтіріледі. Агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімі экспортын ұлғайту үшін трансұлттық компаниялардың қатысуымен алдағы уақытта үш ет өңдеу кешенін іске қосу жоспарланған.

Әлеуметтік салада мұғалімдер мәртебесі, көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларына көрсетілетін қолдаулар, ана мен бала өлімін болдырмау, мүгедек балаларға жасалатын мүмкіндіктерді молайту, атаулы әлеуметтік көмек шаралары және басқа да мәселелерге кеңінен тоқталды.  

«Президент кезекте тұрған аз қамтылған  көп балалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесін үш жыл ішінде шешуді тапсырды. Бізде олардың саны бес мыңнан асады.  Бұл мақсатқа 2022 жылға дейін 240 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша облыста 657 өтініш қабылданған, соның 286-сы мақұлданды. Биылғы жылы барлық бағыт бойынша 1447 отбасын қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз. Тағы бір мәселе – тұрғын үй қорларын жөндеу мен қайта жаңғырту. Бұл мақсатқа өңірлерге екі жылда бюджеттік несие түрінде 30 млрд. теңге бөлінеді. Қазіргі кезде облыста 3566 көп пәтерлі тұрғын үй бар, соның 1998-і жөндеуді қажет етеді. Сондықтан осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалану керек, - деді А. Баталов.

Баяндама барысында биылғы жылдағы меже орталықтандырылған ауыз сумен қамтуда - 91%, жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдың үлесі 78% екені де айтылды. Осы және өзге де міндеттерді бірлесе атқара отырып, облыс экономикасының қарқынды дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға әр аудан, қала әкімі мен сала басшылары атсалысу керектігі ескертілді.
Өзгелердің жаңалығы