Басынған ұры - ашынған халық

25 Наурыз 2023, 19:05
917
Бөлісу:
Басынған ұры - ашынған халық
Фото: egemen.kz

Ұрының күндіз босқа ұйықтамайтыны аян. Қараңызшы, жетісулық тонаушылар былтыр 134 пәтерден керегін алып кеткен,  деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Оның жартысына жуығы ұсталғанымен, қалғаны құзырлы органдардың құрығына ілігер емес.

«Ұрының үйі көп. Бірінен алады, біріне береді». Бұған дәлел өңірдегі пәтер ұрлығының өршуі. Бүгінде облыстағы жалпы ұрлықтың 10 пайызын құрап отыр.

Облыс прокуратурасының мәліметінше, тонаушының екі түрі болады. Бірі – кәсіби болса, екіншісі – әуесқой. Өңірде әсіресе жаз айларында қылмыс көп болады. Оның бірден бір себебі, күннің ыстығында тұрғындар есік, терезенің ашық қалдырады. Кейде қалада тұратындар еңбек демалысына шыққанда  шет елде не ауылда апталап не айлап демалады. Ал бұл ұрылар үшін ең ұтымды мезет. 

Ашық терезеден кіріп, қолға ілінгенді әкетеді. Ал адам жоқ үйді әбден тінтіп, қымбат заттарды үптеп кетеді. Сол себепті, сақ болу керек. Ұзақ мерзімге кеткен жағдайда көршілерден үйге қарай жүруді сұрау керек. Мүмкін болса терезеге темір тор салдырып, бейнебақылау камерасы мен дабыл жүйесін орнатқан жөн. Дегенмен, құқық қорғау органдары ұрлықтың алдын алу, қылмысты ашу мақсатында аянып қалып жатқан жоқ. Қарапайым халыққа ескерту жасап, сақтық шараларын күшейту тапсырылып тұрады, - дейді облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев.

Оның айтуынша, осы мақсатта прокуратура ведомствоаралық жиындар өткізіп, әртүрлі шара қолдануда. Әйткенмен ұрлық-қарлық сейілер емес. Бар байлығыңды бір сәтте жоғалтып алу пенде үшін қиын нәрсе. Оның үстіне айлығы шайлығынан аспайтын қарапайым халық үшін ауыр соққы. Қазір мамандар тұрғындарға алаяқтардың арбауына ілікпеуді ескертуде.

Иә, алаяқ дегеннен шығады, өткен жылы ұялы телефон ұрлығына да қатысты 269 қылмыстық іс тіркелген. Оның 171-і сотқа жолданыпты. Бақсақ, осы қылмыстың  алтауын қалта үптеушілер жасаған. 

Автобус ішінде жастардың көбі қымбат телефонынан айырылып қалып жатады. Әккі ұрылар базарға барып, бөлшектеп сатып жібереді. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлерінің қолы қысқа. Алайда, жоғалған телефон қосылса оны арнайы программа арқылы табуға болады.

Бүгінде облыстық прократура қызметкерлері әсіресе қала тұрғындарына мүлкіне мұқият болуын ескертуде. Бағалы заттарды барынша ішкі қалтаға немесе арнайы сөмкеге салып жүруге кеңес береді.

Өзгелердің жаңалығы