«Басы бар, аяғы жоқ жобалар дайындау белең алып кетті». Агроном ауыл шаруашылығы жайлы айтты

19 Қараша 2023, 10:02
3546
Бөлісу:
«Басы бар, аяғы жоқ жобалар дайындау белең алып кетті». Агроном ауыл шаруашылығы жайлы айтты
PHOTO
Фото: - кейіпкердің жеке мұрағаты

19 қараша, яғни бүгін – Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні. Кәсіби мерекеге орай осы салаға еңбегі сіңген ардагер агроном Аюп Ысқақов ағамен сұқбаттасып, еңбек жолы, саланың бүгінгі жай-күйі жайлы әңгімелестік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Аюп Рашитұлы, алдымен өзіңізді толық таныстыра кетсеңіз. Қазір немен айналысасыз?

Әңгімені өзімді таныстырудан бастайтын болсам, алдымен туған жерім туралы айтайын. Себебі адамның өмірі сонымен тығыз байланысты ғой. Мен 1959 жылдың ақпан айында Солтүстік Қазақстан облысы Бұлақ ауылында дүниеге келіп, осы жерде өсіп жетілдім. Бала кезімізден өлкемізді ән жырға бөлеген атақты Ақан сері мен Үкілі Ыбырай аталарымыздың атына қанық болып өстік, Арқа төрінде шашылып жатқан Айыртау, Имантау, Сырымбет секілді таулардың бірі ауылымызға жақын жердегі Жалғызтау, Абылайханның кеңесшісі әрі биі болған Құлсары батыр жерленген Әулие аталып кеткен төбе өмірімізде алғаш шыққан биіктеріміз болды. Солтүстіктегі қалың орыс ауылдары ішінде қатар-қатар орналасқан Бұлақ, Ақтас, Қарағай, Өскен, Құмтөккен, Дәуқара, Қарақамыс, Айыртау секілді ауылдың балалары ұлттық салт-дәстүрлерімізді жақсы біліп, әдебиетке құмар болып өсуі заңды нәрсе еді. Ол ауылдарда Кеңестер Одағының Батыры Жәлел Қизатов, мемлекет қайраткері Жақсылық Ысқақов, белгілі тарихшы ғалым Бүркітбай Аяған секілді танымал тұлғалар туып өскен. 1976 жылы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, арман қаламыз Алматыға келіп, Қазақ ауыл шаруашылық институтына агрономия факультетіне оқуға түстім. Оны 1981 жылы қызыл диполоммен аяқтап, ғалым агроном мамандығын иелендім.

Еңбек жолын 1981 жылы Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтында бастап 1997 жылдар аралығында аға лаборанттан бастап биотехнология бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқардым, қазір 2019 жылдан бері осы институтта ғылыми қызметімді жалғастырудамын. Оның арасында 1983-1987 жж. бұрынғы Кеңестер одағы Ғылым Академиясының Москва қаласындағы Н.И. Вавилов атындағы Жалпы генетика институтының аспирантурасында оқыдым. 1993-1994 жж. Қазақ ауыл шаруашылық ғылымдары академиясында халықаралық байланыстар бойынша ғылыми хатшы қызметін атқарып, әртүрлі халықаралық бағдарламалар жасауға қатыстым. Еліміз тәуелсіздік алған кезде шет елдермен ғылыми байланыстарды қалыптастыруға ат салысқанымды мақтан етемін.

Кейін Қазақ мемелекеттік аграрлық университетіне университет ректоры академик К. Сағадиевтің шақыруы бойынша өсімдік биотехнологиясы кафедрасының меңгерушісі қызметіне ауыстым, осы университеттің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметіне дейін көтерілдім. Бірыңғай ғылым жолында жүрген мен үшін жоғары білім беру саласына ауысу да айтулы кезең болды, университетте қызмет барысында биотехнология мамандықтары бойынша мемлекеттік стандарттарды дайындауға және білім мен ғылым саласында халықаралық жобаларды жүзеге асыруға қатыстым, Европалық Темпус Тасис жобасының Қазақстандағы үйлестірушісі болдым.

XXI ғасырдың алғашқы жылдарында туған жеріме оралу сәті түсіп, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне университет ректоры Ғ. Мұтановтың шақыруы бойынша келіп, университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар бойынша проректоры, ауыл шаруашылық кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқардым. Ауыл шаруашылық мамандықтарын, биотехнология бойынша магистрлік курстар ашуға мұрындық болдым, шәкірттер тәрбиеледім.

Өмірімнің келесі кезеңі ғылым мен өндірісті байланыстыруға арналған жобалармен тығыз байланысты болды. 2003 жылы маусым айында Білім және ғылым министрлігінің шақыруы бойынша Президент жолдауы аясында құрылған «Технопарк НПО «Прогресс» АҚ ғылым және білім бойынша вице-президенті қызметіне ауыстым, көп ұзамай ҚР Ұлттық биотехнология орталығы Бас директоры қызметіне конкурс бойынша сайландым. 2006-2011 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі және Дүниежүзілік банкі бірлесіп жүзеге асырған «Ауыл шаруашылық өнімінің бәсекелестік қабілеттілігін арттыру» жобасы Үйлестіру орталығының жетекшісі болып жұмыс істедім. Осы жоба аясында Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындыққа байланысты ауыл шаруашылығының маңызды мәселелерін шешумен айналыстым. Жоба жабылған соң 2012-2016 жылдары Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің аппарат жетекшісі, халықаралық байланыстар және инвестиция бойынша проректоры қызметін атқардым. 2016-2019 жылдары Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты бас директорының міндетін атқардым, өсімдік шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы ғылымымен де айналысу сәті түсті, ауылдарды аралап, кооперацияға бірігу туралы жиналыстар ұйымдастырдым. Қазір Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтындағы жұмысыммен қатар Аэроғарыштық зерттеулер және цифрландыру министрлігі мен Дүниежүзілік банкі жүзеге асырып жатқан «Өнімді инновацияларды ынталандыру» атты жобаның Халықаралық кеңесінің мүшесімін, лицейде Агробиология қосымша сабағын жүргіземін.

1989 жылы кандидаттық, 1999 жылы – докторлық диссертация қорғадым.

Менің ғылыми қызығушылығым Қазақстанда негізін академик М. Айтхожин қалыптастырған өсімдік биотехнологиясымен байланысты. Сондай-ақ жаздық дәнді-дақылдардың селекциялық үлгілерін экологиялық сынаумен және тұқым шаруашылығымен айналысамын.

Ағылшын (еркін), неміс (сөздікпен) тілдерін білемін. Бірнеше халықаралық жобалардың үйлестірушісі болдым, бірқатар шетелде - АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Англия, Түркия, Болгария, Израиль, Кытай, Франция, Австралия, Оңтүстік Корея және басқа елдерде іссапарлармен болдым. Шет елге алғаш шығып жүрген кездерімде көрген-білгендерім, ойға түйгендерім туралы мақалалар жариялап, көпшілікпен бөлісіп жүретінмін.

Менің жетекшілігіммен 3 ғылым кандидаты, 1 PhD докторы, 5 магистр дайындалды. 150-ден аса мақала мен еңбектің, биотехнология тәсілімен шығарылған арпаның екі сортының авторымын.

«Басы бар, аяғы жоқ жобалар дайындау белең алып кетті». Агроном ауыл шаруашылығы жайлы айтты

- Ауыл шаруашылығы саласына қалай келдіңіз? Бүгінгі күні бұл салада еңбек етіп жүргеніңізге қанша жылға жуықтады?

Ауылда өскен баланың ауыл шаруашылығы саласына келуі оңайлау ғой, бала кезімізден малдың соңында, жайқалған егіннің ортасында жүрген мен үшін бұл таңсық емес еді. Алайда оқушы кезімде ұшқыш, архитектор болсам деген армандар да болды. Бірақ биологияға, тіршілік әлемінің қыр сырларын түсінуге қызығушылық басым болып, агроном мамандығын таңдадым. Әрі ауылда агроном мамандары ерекше беделді болатын, соның да әсері болған сияқты. Осылайша, жоғарыда айтып өткендей, еліміздегі беделді де байырғы оқу орындарының бірі Қазақ ауыл шаруашылығы институтының студенті атандым. Студент кезімде ғылымға қызығушылығым оянып, 1981 жылы оқу бітірген соң жолдамамен В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтына жұмысқа тұрдым. Қазір ол институт Қазақ егіншілік және ғылыми зерттеу институты деп аталады. Сол кезден бастап есептегенде жұмыс өтілімім 42 жыл болыпты.

- Осы салаға алғаш келген күніңіз есіңізде ме?

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының ішінде маған селекция және генетика ғылымдары ұнайтын еді. Оған атақты биолог ғалым Николай Иванович Вавиловтың өмір жолына қызығушылығым себеп болды. Сондықтан институтқа жұмысқа тұрарда жаздық бидай селекциясы бөлімін таңдадым. Бақытыма орай таңдауым дұрыс болыпты, себебі ол бөлімде Надежда Львовна Удольская деген атақты ғалым жұмыс істейді екен. Сол кезде жасы 78-ден асса да қатардан қалмай, тәжірибе алқаптарына шығып зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүретін. Ол кезде қазіргідей қаптаған жеңіл көліктер жоқ, жүк таситын машинаның кабинасына ол кісі, қорабына біз отырып егістік даласына баратынбыз.

Ғылым жолындағы алғашқы күндерім атақты академик Вавиловтың өзі жоғары бағалаған ғалымның қасында басталғанын мақтан тұтам. Надежда Львовнадан көп нәрсе үйрендім, көп әңгімесін тыңдадым. Соның бәрі алдағы ғылыми өміріме ерекше азық болды.

- Ауыл шаруашылығы саласының маманы болған қиын емес пе? Алдыңызда кездескен қиындықтарды қалай шештіңіз?

Адам өзі ұнатып таңдаған салаға түскенде ол жеңіл ме, қиын ба деп ойланбайды екен. Маған кездескен қиындық институтта алған білімімнің таңдаған салама келгенде таяздығы болды. Агрономия факультетінде оқып жүргенде 125 студентті 3 топқа бөлетін. 1 тобы дала шаруашылығы, 1 тобы өсімдік шаурашылығы және 1 тобы селекция және тұқым шаруашылығы болатын, өкінішке орай, студенттерден сұрамай деканат өздері бөліп тастайтын, студенттерге ол топтардың айырмашылығын түсіндіріп таңдауға мүмкіндік бермейтін.

Мен далашаруашылығы тобына түсіп, селекция және генетика пәндері бойынша шала білім алып шықтым. Жұмысқа тұрғанда бірінші жылым сол олқылықтың орнын толтыруға кетті. Құдайға шүкір, институттағы мықты ғылыми ортаға түскенімнің арқасында ол мәселе оңай шешілді. Дәнді дақылдар селекциясы бойынша «Удольская мектебі» және «Оразалиев мектебі» болатын, қаптаған жас ғалымдар, аспиранттар. Ғылыми кеңестерде қызу талқылаулар, семинарлар болатын, соның бәрі қызықтырып өзіне еліктіретін.

Жастайымнан әдебиетке құмар едім, студент кезімде қазақ тілінде әртүрлі мерекелік және әдеби іс шаралар өткізіп, жастарды ұйымдастырып жүретінмін. Институтқа келгенімде үлкен жиналыстардан кейін болатын концерттік мейрамдарда ортаға шығып Жұбан Молдағалиев, Мұхтар Шаханов секілді өзім сүйіп оқитын ақындардың өлеңдерін оқитынмын, жұмысқа да ынталы болдым, сөйтіп көзге түстім десе де болады. Соның арқасында 1983 жылы мені Москва қаласындағы Н.И.Вавилов атындағы Жалпы генетика институтына аспирантураға оқуға жіберетін болып шешті. Аспирантураға дайындық барысында Надежда Львовна өзінің ҚазМУда генетика бойынша оқып жүрген лекцияларын қолыма ұстатты, Рақым Алмабекұлы Оразалиев үйіне шақырып генетика және селекция бойынша кеңес беретін. Осылайша екі мықты ғалымның ортасында жүріп білімімді толықтырдым.

«Басы бар, аяғы жоқ жобалар дайындау белең алып кетті». Агроном ауыл шаруашылығы жайлы айтты

- Көпшілік ауыл шаруашылығы саласын трактормен, егінмен, астықпен байланыстырады. Сіз үшін бұл қандай сала? Өміріңізден алатын орны қалай? Өз тәжірибеңізді бөліссеңіз...

Ауыл шаруашылығы өндірісімен мен тікелей студент кезімде ғана айналыстым. 18-19 жасымызда қатарластарыммен бірге комбайн штурвалына отырдық, 21 жасымда жаздық өндірістік практика кезінде бөлімше агрономы болып жұмыс істедім. Бір қызығы, 1977 жылы егін жинау науқанында Торғайдың жазық даласында Жақсы ауданы Рославь совхозында болсам, 1978 жылы Кеген ауданындағы таулардың етегіндегі Ұзынбұлақ совхозының егін орағына қатыстым. Екеуі екі түрлі, табиғаты да, жер бедері де. Торғай даласында егін танаптарының көлемі үлкен, теп-тегіс сайын дала, тұңғиық аспан. Ал шыңдары көкпен таласқан ақ бас Алататаудың баурайының дөңестері көп, ойлы қырлы шағын танапты жерлер, комбайнмен қауіпті асуды өтуге де тура келді. Жұмыстан қол босағанда тауға шыққанды жақсы көруші ем. Арқаның жазық даласында өскен мен үшін биіктерге шығып, Алатаудың көркем тұлғасы мен етегін тамашалау бір ғанибет болды. Комбайндары ескі еді, май-май болып соны жөндеп жүретінбіз, бір күн жұмыс істесе екі күн сынып қалатын. Есесіне еңбектің қайнаған ортасында жүріп, пістік, шынықтық.

1980 жылдың жазында 4 ай Торғай облысы Державин ауданы Маяк совхозында өсімдік қорғау бойынша бөлімше агрономы болып жұмыс істедім. Тұқымдарды дәрілеп, себуге дайындау, үлкен егіс алқаптарына дәрі сепкен ұшақтардың жұмысын бақылап, бағыт беру, апробация жасау секілді әртүрлі жұмыстарды атқардым. Ен далада індерінің қасында ысқырып отырған суырлар, жүйткіп жүрген ақбөкендер маған таңсық еді, соларды тамашалап даланы кезіп жүретінмін. Жер-жерлерде қойнына қанатты зымырандарды жасырған әскери «точкалар» да Торғай даласында қаптап жататын.

Оқу бітірген соң ғылым жолын таңдағаннан кейін өндіріспен байланысым тек ғылыми нәтижелерді таратумен байланысты болды. Әртүрлі Халықаралық жобаларда жұмыс істеп жүргенде еліміздің түпкір-түпкірлеріндегі ауылдарды көп араладым, фермерлермен тығыз байланыста болдым, небір тамаша еңбеккерлермен кездесіп, сұқбаттастым, пікір алмастым. Көптеген шет елдің ауыл шаруашылығының озық тәжірибелерімен таныстым.

Мысалы, «Ауыл шаруашылық өнімінің бәсекелестік қабілеттілігін арттыру» жобасы аясында еліміздің 174 аудан орталықтары мен ірі елді мекендерде Білім тарату орталықтарын аштық, экстеншн жүйесін құрдық. Оған Дүниежүзілік банк мен ФАО-ның эксперттері мен кеңесшілері үлкен көмек көрсетті. Мемлекеттік компаниялардың, ассоциациялардың және жеке сектор компанияларының мамандарын оқытуды жүзеге асырдық. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекелестігін арттыру жолында инфрақұрылым құру үшін, яғни сүт жинайтын пунктер, қасапханалар, қоймалар, таратып беру орындарын салуға 200-ге жуық грант берілді. Ғылыми жасалымдарды өндіріске ендіруге бағытталған қосымша қаржыландыруға негізделген гранттар да берілді. Сол арқылы қолданбалы зерттеулер жүйесін, қаржыландыру жүйесін қайта жаңғырту, жеке секторлардың дамуына ықпал ету, жедел де нақты нәтижелерге қол жеткізетін қолданбалы зерттеулерді бірлесе қаржыландыруға негізделген ашық конкурстық жүйе құру жүзеге асырылды. Конкурстық қаржыландыру жүйесі бойынша қолданбалы зерттеулердің ең кемі 120 кіші жобасын және білім мен технологиялар тарату бойынша 600-ге жуық кіші жобаны жүзеге асырып, 40 шақты жас ғалымның біліктілігін арттырдық. Соның нәтижесінде ғылым мен өндіріс арасында тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік туды. Ондай мысалдарды көптеп келтіре аламын. Қысқасын айтқанда, ауыл шаруашылығы ғылымы мен біліміне қызмет ету менің өмірімнің мәніне айналды.

«Басы бар, аяғы жоқ жобалар дайындау белең алып кетті». Агроном ауыл шаруашылығы жайлы айтты

- Көптеген саланың өзекті мәселесі – жас мамандарды тарту. Сіздің ойыңызша, қазір жастар неге ауылға бармайды? Бұл салаға жастарды көбірек тарту үшін не істеу керек?

Жастар тарапынан ауыл шаруашылығына қызығушылықтың төмен болуы - бүкіл әлемге тән құбылыс. Бұл мәселемен де көптен бері айналысып жүрмін. Халықаралық жобалар аясында ол мәселені шешу жолдарын да қарастырдық. Әр ел оны әртүрлі жолдармен шешіп жатыр. Мысалы, АҚШ-та 4H, яғни «Head, Hand, Health, Heart» (бас, қол, денсаулық, жүрек) деген сөздердің бас әріпін алып «фор ейтч» бағдарламасы деп атайды. Әрбір штаттың жастарды ауыл шаруашылығы мамандығына қызығушылығын арттыруға бағытталған 4H бағдарламасы бар. 2014-2015 жылдары Қазақ аграрлық ұлттық университетінде жұмыс істеп жүргенімде америкалық профессор Стэнли Джонсонмен бірге ФАО-ның жобасын жүзеге асырған едік. Бізге ауыл шаруашылығы жағдайы өте ұқсас көрші Ресей елі әр губерния деңгейінде жастарға арнап жүзеге асырып жатқан жобалары да үлгі тұтарлық.

Өкінішке қарай бізде мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар жоқтың қасы. Бұрын еңбекке ерте араластырып, еңбек лагерьлеріне апарып, оқушыларды шыңдаушы еді, қазір «балалардың еңбегін қанауға болмайды» деген батыстан келген ұранның желеуімен балаларымызды еңбектен қолдарын үздіріп алдық. Сонымен бірге ауыл еңбеккерлерінің еңбектерін насихаттау да жоқ. Қазақ аграрлық ұлттық зерттеу университетінің басшысы Ақылбек Күрішбаев «Казправда» газетіне берген сұқбатында келтірген дерек бойынша биыл ауыл шаруашылығы мамандығына бөлінген гранттардың тек 59% ғана игерілген! Ойланатын мәселе! Өз тарапымнан мен мектеп оқушыларымен тығыз байланыста болып, оларды ауыл шаруашылығы кәсібіне ерте бейімдеу керек деген мәселені жиі көтеріп жүремін.

Алмалыбақ ауылында орналасқан әл Фараби атындағы мамандандырылған лицей оқушыларына агробиология қосымша пәнін жүргіземін, оқушыларға институттың зертханалары және тәжірибе алқаптарын таныстырамын. Болашақта оқыған-тоқығандарымды жинақтап, жастарды ерте кәсіпке бейімдеу жобасын дайындау ойымда бар. Осындай іс-шараларға көпшілік болып ат салысып, ауыл шаруашылығы саласындағы мамандықтардың қыр-сырларын жастарға үйретіп, қызықтыруымыз керек. Құдайға шүкір, қазір ғылыми техникалық прогресстің арқасында ауылшаруашылығы бойынша жұмыстардың сипаты мүлдем өзгерген, заманауи техникалар, роботтар, дрондар, цифрландыру секілді технологиялар жастарды қызықтырары сөзсіз, соны кең насихаттау керек.

- Елімізде ауыл шаруашылығы саласында қандай проблемалар бар деп ойлайсыз? Сондай-ақ саланың қазіргі күнгі даму қарқыны қалай? Болашағы қалай? Мемлекет назар аударып жатыр ма?

Ауыл шаруашылығы саласының ең басты проблемасы – басқару жүйесінің дағдарысы дер едім. Өкінішке қарай, ұлан ғайыр жеріміздің әртүрлі жағдайларына бейімделіп, адами ресурстарды ескеріп жасалған бағдарлама жоқ. Ауыл шаруашылығына жаңа министр келген сайын жаңа бағдарлама жасалып жатады, яғни бізде елдің мүддесіне емес, жаңа басшының мүддесіне жұмыс істейтін бағдарламалар жасау дәстүрі қалыптасқан. Олар ауыл шаурашылығын қолдаудың негізгі түрі субсидия тарату деп ойлайтын сияқты, әрі болашағы күмәнді, басы бар, аяғы жоқ жобалар дайындау белең алып кетті. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы саласы сансырап қалды, шаруаларда үкіметке сенім де қалмады.

Екі мысал келтірейін. Сонау 2006 жылы Ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жобасын бастаған кезде журналистер сұқбат алып, «Не надо субсидировать сельское хозяйство» деп суретіммен бірге газет бетіне шығарып еді, басы былай басталатын: «Агропромышленный комплекс страны может стать конкурентоспособным, если заработает система инвестирования в технологии и знания. Субсидирование фермеров государством лишь порождает иждивенческие настроения. Об этом заявил «&» руководитель координационного центра проекта «Повышение конкурентоспособности сельскохозяйственной продукции», доктор биологических наук Аюп Искаков. (Асель ЕРМАКАНОВА). Мақаладағы негізгі ойым Дүниежүзілік банктің ауыл шаруашылығына субсидиялау емес, осы салаға инвестиция салу арқылы қолдау керек деген тұжырымы төңірегінде айтылған. Өкінішке қарай 2011 жылы ауыл шаурашылығына жаңа министр келгенде жап-жақсы жүзеге асып жатқан жоба Дүниежүзілік банкі мен ФАО-ның қолдағанына қарамастан жабылып қалды, есесіне субсидия беру еселеп өсті, оның аяғы не болғанын көріп отырмыз, парақорлар үшін майлы шелпекке айналды. Қазір фермерлер субсидияға тәуелді болып, бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып алды, субсидиясыз жұмыс істей алмайтын жағдайға жетті.

Екінші мысал. Анау бір жылдары ұсақ шаруашылықтарды кооперациялау арқылы ұжымдасып жұмыс істеуге бейімдеу жобасы басталды. Өте жақсы идея. Оны бұдан 100 жыл бұрын ұлтымыздың қайраткерлері айтып кеткен. Мысалы, кооперацияға бірігудің тиімділігін 1923 жылы Сәкен Сейфуллин бүге-шігесіне дейін жіліктеп айтып кеткен. «Қазақстанның еңбекшілеріне ең керек нәрселер қала болу, жер кәсібімен айналысу, школа ашу һәм кооперация ашу. Кооперация деп бір жердегі, бір айналадағы отырған халықтың ұйымдасып, керек-жарақ нәрселерін бірлесіп алып тұратын һәм өзінің артық сататын нәрселерін бірлесіп, көзін тауып тиісті бағамен өткізіп тұратын бірлікті айтады», дейді. Осы мақаланы мен Астанадағы Сәкен Сейфуллиннің мұражайынан тауып алдым. Бұл деген дайын тұрған бағдарлама ғой. Соны көбі білмейді. Ары қарай ол: «Өздерінің кооперацияларын жүргізіп тұруға орталарынан білімді, адал адамдарынан басқарма сайлайды. Бұл бірлік ұйымның қалай жасалу ретін һәм басқарманың қалай сайлану ретін, халық ортасынан ашылған кооперация істерінің қалай жүріп тұратынын, шарттарын айтқан, жазылған, баспаға басылған нұсқасы болады. Сол нұсқа бойынша бірлік кооперация істерін жүргізіп тұрады. Қолдан-қолға өткізетін алыпсатар саудагерлердің пайдасының бәрін ауыл халқының өзі пайда қылады», дейді. Міне, осы идеяны жалаулатып ауылдарды аралап, Ауыл шаруашылығы бастаған жобаны насихаттап, ұйымдастыруға кірісіп кеттік. Алайда жаңа министр келіп, бұл жобаны керексіз қылып, орта жолда тұралатып тастады, қаншама басталған шаруа аяқсыз қалды, жұмсалған шығын ақталмай шашылып қалды.

1993 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы ғалымдары ауыл шаруашылығын дамытудың тұжырымдамасын жасады, оны Үкімет басшысы Сергей Терещенко қатысқан алқалы жиында академия президенті Ғани Қалиев баяндап, қорғады. Мен залда слайдтар көрсететін аппарат арқылы баяндамашыға көмектесіп отырдым. Ауыл шаруашылығы экономикасын нарықтық жағдайға бейімдеп жүргізуге бағытталған тұжырымдама үкіметтен қолдау тапқанымен, 1996 жылы ауыл шаруашылық академиясының жабылуымен бірге аяқсыз қалды. Сол кезеңнен бастап аграрлық ғылым құлдырау кезеңін бастан кешіп келеді. Екінші үлкен мәселе осы дер едім. Тіпті ауыл шаруашылығы ғылымын ғылыми зерттеу институттарын футбол клубындай көретін басшылар да басқарды ғой! Басшылыққа өз ісінің мамандары келмейінше іс оңбайды. Егер ауыл шаруашылығын басқару мен оны ғылыми қолдаудың оңтайлы жүйесі табылса, қалған мәселелер өздігінен-ақ шешілер еді деп ойлаймын.

«Басы бар, аяғы жоқ жобалар дайындау белең алып кетті». Агроном ауыл шаруашылығы жайлы айтты

- Қазақстанда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы жақсы ма?

Кез келген нәрсеге салыстырмалы түрде әртүрлі баға беруге болады ғой. Себебі еліміздегі ауылдардың жағдайы біркелкі емес. Мысалы, атақты Иван Адамович Сауэр басқаратын Родина немесе Қызылорда облысындағы Нағи Ильясов ауылы жағдайын алып қарасаңыз, мақтайтын нәрселер жеткілікті. Ондай ауылдар баршылық, құдайға шүкір. Өкінішке қарай тозып, жойылып кеткен ауылдар да көп. Ауылда тұратын адамдар саны азайып, 38% деңгейіне жетті, жастардың дені қалаға көшіп жатыр. Себебі оларды ауылдың әлеуметтік жағдайы қызықтырмайды. Рас, үкіметіміз өз тарапынан ауылды қолдауға бағытталған бірқатар ауқымды жобаны іске асырып жатыр. Осы орайда үкіметке ғана қол жаймай ауылына көмектесіп жатқан кәсіпкерлер де баршылық.

Өзімнің туған ауылымда да жақсы іс шаралар жүзеге асып жатқанын қуанышпен айтқым келеді. 2019 жылы ауылымыздың құрылғанына 90 жыл толуына байланысты мерекелік шара өткізейік дегенімде «Қирап жатқан ауылда неғылған той» деп күмәнданғандар да болды. Соған қарамастан What’aApp-та «Бұлақ ауылдық округі» деген топ ашып ұран тастап ем, қолдаушылар көбейіп, халық жұмылып тамаша той өткіздік, халық бір серпіліп қалды. Интернеттен Нағи Ильясов ауылының жобасын тауып алып соның негізінде ауылымызды дамыту бағдарламасын дайындадым, оны ауылымыздың әкіміне ұсындым. Халық өзі қалап сайлап алған әкіміміз ауылымыздың тумасы Болат Қанатұлы бауырымыз ол жобаны одан әрі жетілдіріп, аудан басшыларына ұсынып, қорғап шықты, қолдауға ие болды.

Қазір ауыл жастарын ұйымдастырып соны жүзеге асырып жатыр. Мектебіміз де күрделі жөндеуден өтті. Биыл әр үйге су желісін кіргізіп, көшесіне асфальт төсеп жатыр, ауыл абаттандырылып, саябақ жасалды. Жан-жақта жүрген мектеп түлектері ат салысып сол саябаққа ағаштар отырғызды. Халық жұмылса күш деген, тек ұйымдастыра білу керек. Болашағымыз өз қолымызда екенін есте ұстауымыз керек. Осылайша ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайлары жөнделсе, тұрмыс сапасы артса ауылдардың да қадірі артады ғой. Осы мақсатты көздеп шет жерлерде жүрген ауылдастарымыз ауылымызды қолдау қорын құрып, жобалар дайындауды мақсат тұтып отыр.

- Қандай марапаттарыңыз бар?

Осы марапат деген нәрсеге қызығушылығым жоқ, сондықтан менің үкіметтен алған марапаттардан адамын. Тек қоғамдық ұйымдардың менің қатысуымсыз өздері берген «Құрметті ардагер», «Қазақстан жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері», Аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін төсбелгісі, Халықаралық білім беру академиясының мүше корреспонденті секілді атақтарым бар. Сондай-ақ Москва қаласында аспирантурада оқып жүрген кезде 1987 жылы ВДНХ (Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесі) берген жас ғалымдар көрмесінің қола медалін мақтан тұтамын.

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет! Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

Өзгелердің жаңалығы