Түркістан облысында «Жасыл аймақ» мекемесінде 500-ден астам қызметкерге жалақы толық төленбегені анықталды. Прокуратураның тексерісі нәтижесінде 548 жұмысшыға жалпы сомасы 28,7 млн теңге еңбекақы толық көлемде берілді. Мекеме басшысы мен бас есепшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде тексеру жүргізіп, мекеме қызметкерлері алдында еңбекақы бойынша берешек қалыптасқанын және жалақы төлемдерінің толық көлемде төленбегенін анықтады. Аталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, оның нәтижесінде 548 жұмысшыға жалпы сомасы 28 710 432 теңге еңбекақы толық көлемде төленді. Осылайша, қызметкерлердің Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдендірілген еңбек құқықтары қорғалды, - деп хабарлады Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, анықталған заңбұзушылықтар үшін мекеме басшысы мен бас есепшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.