Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаулық кәсіпкер Наталья Михайленко «Бастау Бизнес» жобасы аясында облыс орталығында аспаздық орталығын ашты.
Кәсіпкердің аспаз мамандығы бойынша қоғамдық тамақтану саласында отыз жылдан астам тәжірибесі бар. Ұзақ жылдар бойы ол өз ісін ашуға шешім қабылдағанға дейін жалдынып жұмыс істеген.
2019 жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтіп, грант алып, облыс орталығынд қоғамдық тамақтану орнын аштым. Сонымен қатар, кейтеринг қызметін көрсете бастадым. Жасырары жоқ, бизнесті бастағанда мамандықтан басқа капитал болған жоқ. Қажетті білім де болмады. Осы ретте «Бастау Бизнес» жобасы өзіме деген сенімділікті арттырғанын айтқым келеді, – дейді кәсіпкер Наталья Михайленко.
Аспаздық шеберхананы құрудың мақсаты – ересектермен қатар балаларды да тамақ дайындауға үйрету. Бұдан бөлек таңғы, түскі ас, дегустация, диеталық десерттер, акциялар және басқа да шаралар өткізіледі.
Болашақта біз оқушылар арасында аспаздық өнердің қыр-сырын үйрететін шеберлік сағаттарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Менің тағы бір идеям – белгілі тұлғалардың қатысуымен жеке аспаздық теледидар жобасын жасау. Сондай-ақ демалыс орталығын ұйымдастыру, біздің қонақтар мен келушілер әр түрлі тағамдарды дайындауды қуана-қуана үйренеді деп сенемін, – деп бөлісті кәсіпкер.
Кейтеринг-шеф-аспаз қызметінің арқасында кәсіпкер дайын тағам жеткізуді ұйымдастыруда үлкен тәжірибеге ие болды. Бұл дағдылар оған әсіресе пандемияның басында, локдаун кезеңінде мейрамханалар мен дәмханалар онлайн режиміне өтіп, жұмысын тоқтатқан кезде пайдалы болды. «CHEF NATALI» ЖК қызметтері үлкен сұранысқа ие болды, қаланың кез келген нүктесіне азық-түлік жеткізуді қолға алды.
Наталья Михайленко 2019 жылы «Бастау Бизнестің» ең табысты түлектерінің бірі болды. Дәл осы жоба оған бастапқы капиталға ие болуға мүмкіндік берді. Әрі қарай өзінің тәжірибесі мен табандылығының арқасында кәсіпкер өзі таңдаған салада белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді. Енді аспаздық студияның ашылуы нәтижесінде бизнес гүлденуде, клиенттік база өсуде. Біздің облыс орталығы үшін бұл тамаша жаңалық. Тәжірибелі аспаздық шеберлерге әрдайым үлкен сұраныс бар. Сондықтан кәсіпкер үшін бұл қадам да табысты болады деп сеніммен айтуға болады, – дейді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Анар Сәниева.
Биыл «Бастау Бизнес» бойынша оқыту наурыз айының соңында басталады деп жоспарлануда. Оған халықтың белгілі бір санаттарының қатысуына қатысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Жобаға жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі бір жылдан аз), жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатындар қатыса алады. Әлеуметтік санат бойынша 29 жасқа дейінгі жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, қандастар, қоныс аударушылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар қатысуға құқылы.
Айта кетейік, жұмыспен қамту орталығынан берілетін грант көлемі 400 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.