Баспанасы бар азаматтардың мүддесі ескерілмей жатыр – депутат

26 Мамыр 2021, 14:05
13701
Бөлісу:
Баспанасы бар азаматтардың мүддесі ескерілмей жатыр – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ғазиз Құлахметов елдегі тұрғын үйге қатысты өзекті проблеманы қозғап, Үкіметке сауал жолдады.

Адам баласы үшін баспана осы күні де ең негізгі қажеттілік. Бұқараны тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатымен үкімет бірқатар мемлекеттік бағдарлама жариялап, осы күні іске асырып жатқан жайы бар. Сырт қарағанда ол баспанаға еліміздегі көңілі қалаған әр азаматтың қолы жетіп жатқандай болып көрінуі әбден мүмкін. Алайда айналымдағы заң жобасын және бағдарламалардың орындалу жүйесін сараптай келе, басында үйі бар азаматтардың мүдделері ескерілмей қалғаны белгілі болды, - дейді депутат. 

Оның айтуынша, баспанасын уағында азаматтық құқықтық келісімшарт негізінде мұрагерлік жолмен, яғни, заңға қайшы келмейтін өзге де жолдармен меншік иесі атанған азаматтардың мүдделері қорғалмаған. 

Бұл санаттағы азаматтар көбіне-көп бір шаңырақтың астында тұрып, ортақ шаруашылық жүргізеді. Олар бір отбасының мүшелері, болмаса, жақын ағайын-туыстар. Алақандай пәтерге 7-8 жан болып тығылып, күн кешіп жатқан ағайыны бар осында отырған көптеген депутаттың арасында да көп шығар… Тұрып жатқан үйлерінің жалпы ауданы, шаршы метрге шақсақ, белгіленген техникалық, санитарлық, өзге де нормативтік талаптарға сай келмейді, - дейді Ғазиз Құлахметов.

Қазақстанда құрылыс нормаларына сай, төртінші дәрежелі тұрғын үй ғимараттарында адам басына 15 шаршы метр, бірінші дәрежелі ғимараттарда максималды норма 25 шаршы метр. Ал БҰҰ-ның халықаралық стандарттарында минималды көрсеткіш 30 шаршы метрге тең екен.

Үй-жайы жоқ әр отбасы өз баспанасына қол жеткізуді армандайды. Тар үйдің тұрғындары баспананың кеңдігін аңсайды. Өкінішке қарай, ол мүмкіндік қазір көп адам да жоқ. Қаржы тапшылығы қолбайлау. Себебі, аға буынның жиған қоры өзінен аспайды, жастар болса, дүние теруді әлі де бастамаған. Жабылып несие алайын десе, банк зейнеткерлерге ақша бермейді. Жастардың алар айлығы мардымсыз болған соң, банк оларға да қайырыммен қарамасы анық. Бастапқы жарнасын жиған күннің өзінде ай сайынғы төлемдеріне шамалары жоқ, - дейді мәжілісмен. 

Оның айтуынша, жер алып, үй салайын десе, ол мүмкіндіктен де айырылып отыр. Себебі, жер алу үшін дүние-мүлкің болмауы тиіс. 

Тұрғын үй бағдарламаларына жауапты компаниялар болса, ҚР «Тұрғын-үй қатынастары» туралы заңның 69-бабының 1-тармақшасына сілтеп, біз айтып отырған отбасы мүшелеріне баспана алуына рұқсат бермейді.

Әлеуметтік ахуалдың жайсыздығы, баспана алу мүмкіндігінің жоқтығы, өз бұрышыңның болмауы, отбасы ішіндегі татулықты бұзып, ажырасып жатқандар санын арттырып жатқаны да жасырын емес, - дейді Құлахметов.

Сондықтан ҚХП-ның келесі ұсыныстары бар:

1. Айналымдағы заңнамаға тұрып жатқан үйдің ауданын, яғни шаршы метрлерін ұлғайту арқылы баспана жағдайын жақсарту деген ұғымды кіргізу қажет және кедергі келтіріп отырған нормаларды толықтай алып тастау керек. Сонда бір-екі бөлмеде тарлықта тұрып жатқан отбасы қалауынша, үш-төрт бөлмелі кең пәтерге көшу мүмкіндігін алар еді. Босаған үй баспана қорына өтіп, келесі меншік иесіне берілер еді.  

2. Баспананы бағалау, сатып алу, меншік иесінен келесі үміткерге баспана беру тәртібі мен ережелерін пысықтау қажет. Осылайша, тұрғын-үй қорын қалыптастырудың ұтымды әрі қосымша жолы пайда болар еді.

Өзгелердің жаңалығы