Басктер Елінде Қазақстанның жаңа экономикалық бағыты таныстырылды

1 Қазан 2023, 10:10
742
Бөлісу:
Басктер Елінде Қазақстанның жаңа экономикалық бағыты таныстырылды
Фото: gov.kz

Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаевтың Басктер Еліне (Испания аймағы) жұмыс сапары болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапар басында қазақстандық дипломат Басктер Елі Үкіметінің Төрағасы Иниго Уркуюмен және Парламент Төрағасы Бакаратчо Техериамен келіссөздер жүргізіп, оның барысында өңірлік ынтымақтастық пен парламентаралық диалогты нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды.

Елші Қазақстан мен Испания арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды ерекше атап өтіп, сұхбаттасушылардың назарын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан жаңа экономикалық бағыт аясындағы экономикалық өзара іс-қимылды дамытудың басымдығына аударды.

Бұл тұрғыда Бильбао Сауда палатасының Бас директоры Микель Ариетамен кездесуде инвестицияны ұлғайту және өңірдегі компаниялардың технологияларын Қазақстанға тартудың маңыздылығы атап өтілді. Д. Мұсаев Қазақстан үшін баск аймағы экономикасының басым сегменттеріне ерекше тоқталды.

Сапардың маңызды бағытының бірі «Agragex» ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің ірі қауымдастығына бару болды, оның барысында ұйымның Бас менеджері Хайме Эрнанимен келіссөздер жүргізілді. Әңгімелесуші қазақстандық нарықты зерттеуге қызығушылық танытты, бұл испан бизнесі үшін Орталық Азия аймағында мүмкіндіктер ашады.

Сапардың басты экономикалық оқиғасы Сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп ұйымдастырылған Қазақстанға арналған «дөңгелек үстел» болды. Елші өз сөзінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, іскерлік ахуалы мен шетелдік инвесторларға арналған преференциялар, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік әлеуеті және Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік тасымалдаудағы рөлі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Басктік компаниялар ықтимал ынтымақтастық үшін қазақстандық серіктестер табуға қызығушылық танытты. Шара нәтижесі бойынша ағымдағы жылы аймақ компанияларының Қазақстанға іскерлік миссиясын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Өңірдің IT саласындағы жетістіктерін ескере отырып, «Bilbao Acceleration Tower» инновациялық орталығында Қазақстан Республикасымен, оның ішінде «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркімен ынтымақтастық туралы мазмұнды келіссөздер жүргізілді.

Білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері «Деусто» Университетінің проректоры Хавьер Арейаномен талқыланды. Атап айтқанда, студенттердің ұтқырлығын кеңейту, бірлескен қос дипломдық бағдарламаларды ұйымдастыру, Қазақстанда жоғары оқу орындарының өкілдігін ашу мүмкіндіктері қарастырылды.

Мәдени ынтымақтастық та сапар күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналды. Д. Мұсаев Сан-Себастьян қ. 71-ші Халықаралық кинофестивалінде қазақстандық режиссер Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» фильмінің көрсетіліміне құрметті қонақ ретінде қатысты.

Өзгелердің жаңалығы