Прокуратура органдары жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасымен бірлесіп жеке сот орындаушыларының 2021-2022 жылдары борышкерлерден өндіріп алынған ақшалай қаражатты уақытылы және толық аударуына тексеру жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы қаласында, СҚО, Қарағанды, Павлодар, БҚО және Ақмола облыстарында жүргізілген тексерулер ЖСО өндіріп алушылардың шоттарына аударуға жататын 1,1 млрд теңге мөлшерінде ақша ұрлаудың 660 фактісін анықтады.
Мәселен, елордалық ЖСО алимент бойынша жоқ қарызды әдейі анықтап, сот үкімімен мемлекеттің пайдасына тәркіленуге жататын 289 млн теңгені жеке тұлғаның банктік шотынан шешіп алған.
Ол бұл қаражатты Астана қаласы Сот актілерін орындау департаментінің бұрынғы бастығына аударған. Осы қызметі үшін ЖСО 10 млн теңге ұстап қалған.
Алматылық ЖСО жыл бойы борышкерлердің қаражаты есебінен өзінің банктік депозитін жалпы сомасы 84 млн теңгеге 18 рет толықтырған. Нәтижесінде ол пайыз түрінде 2 млн теңге табыс тапқан.
Осыған ұқсас ЖСО өз депозитіне 13,6 млн теңге аударып, шамамен 5 млн теңгеге жуық сыйақы алған.
Қарағандылық 7 ЖСО борышкерлердің 110 млн теңге көлеміндегі қаражатын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Басқа жағдайда, алматылық ЖСО «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушісі кәмелетке толмаған Болгамбаеваға арналған 400 мың теңгені жеке мақсаттында пайдаланған.
Павлодарда ЖСО 3 жыл бойы 520 мың теңгеге екі баланың алимент қаражатын ұрлап отырған.
Кейбір ЖСО-лар өндіріп алушылардың ақшаларын басшылардың шығындарын жабу үшін пайдаланған.
Батыс Қазақстан облысында ЖСО өңірлік палатаның басшысына және оның орынбасарына 1 млн теңге аударған.
Олардың басқа әріптестері әйелдері мен туыстарына 4,7 млн теңге бөлген.
Ақша қаражатын ұрлау мен ысырап етудің анықталған фактілері бойынша сотқа дейінгі 16 тергеу басталды.
Сондай-ақ, қадағалау актісі бойынша 7 ЖСО лицензиясы алып қойылды, 2 лицензия тоқтатылды, 55 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.