Бас пен мойынның қатерлі ісігінің алғашқы белгілері қандай?

7 Маусым 2023, 17:05
3468
Бөлісу:
Бас пен мойынның қатерлі ісігінің алғашқы белгілері қандай?
Фото: BAQ.KZ Архив

Мына белгілердің біреуін байқасаңыз, бірден лор-онкологқа жүгінгеніңіз абзал, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Бас және мойын ісіктері орталығының меңгерушісі Мұрат Қайбаров мәлімдеді.

Бас және мойын ісігі – бұл ауыз, жұтқыншақ пен өңеш ісігінің ең таралған, бас мен мойын ағзаларының 30-дан астам ошағы бар ісіктер тобы. Мұрынның, назалді синустың, қосалқы қуыстың, сілекей безі мен ортаңғы құлақтың ісігі сирек кездеседі. Жыл сайын әлемде бас пен мойынның қатерлі ісігінің 750 мың жаңа жағдайы тіркеледі. Оған көп жағдайда ерлердің үлесі басым – 72,2 пайыз. Бас пен мойын обыры көзбен көруге болатын ісіктер қатарына жататындығына қарамастан, пациенттердің көбі дәрігерге ауруы асқынған соң бір-ақ көрінеді. Бұл ауруларды емдеу қиын. Хирургиялық араласуларды, химия-сәулелік терапияны қажет етеді. Көбінесе реконструкциялық-пластикалық ота жасауға тура келеді. Науқас дәрігерге неғұрлым ертерек келсе, соғұрлым өмірін сақтап қалуға мүмкіндік зор, - деп атап өтті Мұрат Қайбаров.

Сонымен қатар дәрігер бас пен мойын ісігінің алғашқы белгілеріне тоқталды.

Тілдің ауырсынуы, жараның жазылмауы, ауыздағы ақ немесе қызыл дақ, жұтқыншақтың ауырсынуы, дауыстың қырылдауы, жұтынған кезде ауырсыну, мойында ісіктің пайда болуы, мұрынның бір жағының бітелуі немесе қан аралас тұмау. Осы белгілердің біреуін үш аптадан артық байқасаңыз, бірден дәрігерге жүгініңіз, - деп ескертті Бас және мойын ісіктері орталығының меңгерушісі.

Айтуынша, Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында 10 маусым күні сағат 09.00-13.00 аралығында бас пен мойын ісігінің алдын алу мен ерте анықтау бойынша Ашық есік күні өтеді.

Өзгелердің жаңалығы