Бас мүфти Рамазан айының басталатын күнін неліктен көрші елдермен кеңесіп белгілейтінін түсіндірді

28 Наурыз 2022, 15:17
1541
Бөлісу:
Бас мүфти Рамазан айының басталатын күнін неліктен көрші елдермен кеңесіп белгілейтінін түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми-зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ал 2 мамыр – Ораза айт күні. Осы жылы ораза 30 күнге созылады. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – қасиетті Қадір түні, - деп атап өтті бас мүфти. 

Сондай-ақ ол неліктен Рамазан айының басталатын күнін көрші елдермен кеңесіп белгілеу себебін атап өтті. 

Кейде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан «Рамазан айының басталатын күнін Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесу арқылы белгілеу қандай қажеттіліктен туды?» деген сауалдар қойылып жатады. Осы ретте айта кететін жайт, өздеріңізге белгілі, осыған дейін Орта Азия елдері арасында діни мерекелерді атап өтуде айырмашылық болатын. Оның өзіндік дәлелге сүйенген ғылыми әрі діни себептері бар еді. Алайда ауылы аралас жатқан бауырлас елдер оразаны екі күнде бастап, Айт мерекесін екі күнде атап өткен жағдай бірнеше рет қайталанды, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Оның айтуынша, бұл жағдай жамағаттың түсінбеушілігін тудырған. 

Біз Өзбекстан, Қырғызстан еліне барған жұмыс сапарымызда осы мәселені жан-жақты талқылап, ортақ пәтуа қабылдауға уағдаластық. Келісім негізінде екі жақты меморандум қабылданды. Бүгінде Орта Азия елдерінің шариғат және пәтуа саласы бойынша арнайы кеңесі құрылып, ортақ мәселелерді өзара келісіп, кеңесіп шешім қабылдайтын болдық, - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы. 

Өзгелердің жаңалығы