Бас мүфти Құрбан айт қарсаңында бағаны шарықтатпауды сұрады

15 Шілде 2021, 17:05
5129
Бөлісу:
Бас мүфти Құрбан айт қарсаңында бағаны шарықтатпауды сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингінде ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт күндері бағаны шарықтатпауды сұрады. Кәсіпкерлерге өтініш айтқан діни басқарма басшысы кәсіпкерлерді игі іске мұрындық болуға шақырды.

Құрбандыққа шалынатын малдың бағасы жергілікті жердегі нарық бағасымен сатылады делінсе де, бас мүфти халыққа жеңілдік жасаған дұрыс деп отыр.

Халқымыз «Алғыс алған арымас», «Бота алғанша, бата ал» деген нақыл сөз айтады. Құрбан айтта орындалатын негізгі ізгі амалдың бірі – құрбан шалу.

Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасаса деп үндеймін», - деді Наурызбай Қажы Тағанұлы.

Қазіргі індет уақытында кәсіп жасау оңай еместігін айтқан ол табыс табу үшін үстіне құн қойып, саудасын жетілдірмеуді өтінді.

Естеріңізге сала кетейік, құрбандық шалу рәсімі www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн форматта, ал офлайн форматта әдеттегі дәстүрлі жолмен жүзеге асады. Еліміз бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін аталған сайт арқылы 17 шілдеден бастап өтініш бере алады.


Өзгелердің жаңалығы