«Барселона» ФК өз алаңында «Реалды» қабылдады

24 Қазан 2020, 23:03
1587
Бөлісу:
«Барселона» ФК өз алаңында «Реалды» қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Испания чемпионатының 7-турында «Барселона» өз алаңында Мадридтің «Реал» командасын қабылдады.

Бүкіл әлем жанкүйерлерінің назарын аударған 2020-2021 жылғы біріншіліктегі алғашқы «эль классико» кездесуі қос команда үшін де маңызды еді. Осының алдындағы турда «Барселона» «Хетафи» командасынан 0:1 есебімен жеңіліс тапса, «Реал» өз алаңында күтпеген жерден чемпионатқа биыл қосылған «Кадиске» (0:1) есе жіберген еді. 

Содан кейін франциялық атақты футболшы әрі бапкер Зинедин Зиданның шәкірттері Чемпиондар лигасында тағы да өз алаңында «Шахтерден» (Донецк) 2:3 есебімен ұтылып қалды. Егер жуық арада нәтиже шығармаса, З.Зиданның басына бұлт үйірілгендей болған. 

Ал атақ-дәрежесі ешкімнен кем емес нидерландылық Рональд Куман өз командасын бас бапкер ретінде «Реалмен» кездесуге алғаш рет алып шықты. Матчты қонақтар өте сәтті бастап, 5-минутта Карим Бенземаның пасынан кейін Федерико Вальверде есеп ашты. Арада үш минут өткенде Жорди Альбаның пасын пайдаланған Ансу Фати таразы басын теңестірді. 

Осылайша 17 жастағы Ансу Фати «эль классико» тарихында гол соққан ең жас ойыншы атанды. Ол 18 жасында гол соққан «Реал» шабуылшысы Раульдың рекордын жаңартты. Екінші таймда Клеман Лангле ойын тәртібін бұзды деген себеппен төреші белгілеген пенальтиді 63-минутта Серхио Рамос дәл орындады. 90-минутта ойынның екінші кезеңінде алаңға шыққан Лука Модрич матч нүктесін қойып, есепті 3:1-ге жеткізді. 

13 ұпай жинаған «Реал» командасы чемпионат кестесінде бірінші орынға көтерілсе, «Барселона» (7 ұпай) 10-сатыда қалып қойды.

Өзгелердің жаңалығы