Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қадірлі отандастар! Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрамның біз үшін мәні айрықша. Өйткені орнықты даму мен барлық жетістіктің бастауында бірлік пен келісім, татулық пен тұрақтылық тұрады, - деді Қошанов.
Мәжіліс төрағасы атап өткендей, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артпақ. Қай заманда да халқымыз мұны жақсы түсінген.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп, тек қана алға ұмтылған. Қазіргі жаңа дәуірде де мемлекетіміздің басты ұстанымы – осы. Халқымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегіне топтасып, үлкен өзгерістерге бет бұрды. Біз береке-бірліктің арқасында көздеген мақсат-міндеттеріміздің бәріне қол жеткіземіз, биік белестерді бағындырамыз. Ол жол – жаңару жолы, бірлік пен елдіктің жолы, - деп жазды Ерлан Қошанов құттықтауында.
Мәжіліс спикері барша Қазақстан халқына бақ-береке, қажымас қайрат пен мол табыс тілеп, әр шаңыраққа шаттық, елімізге амандық тіледі.