Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Айтылған барлық сын орынды. Бұл даладан келген сын емес, сол жолдармен жүріп мойындалған сын, жөндеу керек. Жаңа форматта жұмыс істеуіміз керек. Біз мемлекет тапсырған 11,5 мың шақырым жолды салып жатырмыз. Қосымша жергілікті әкімшіліктер де салып жатыр. Бізде 1 млн тонна битум шығарылады. Ал бізге керегі 1,2-1,3 млн тонна керек. Битумды көбейту үшін сол зауыттармен жұмыс істеп жатырмыз. Екіншіден, техника мәселесін шешуіміз керек, - деді ол.
Өскенбаев атағандай, БҚО-ның жолдары сын көтермейді.
Бірақ ол жерге қиыршық тас жеткізу үшін Ақтөбеден, яғни мың шақырым жерді жүріп өту керек. Қазір оны реттеп жатырмыз. Үкіметпен талқылап, нормаларды енгіземіз, - деді Өскенбаев.
Тоқаев бүгінгі Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бергенін айтты.
Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс. Жалпы, ашығын айтуымыз керек, Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр. Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине бұл – орынды. Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді, - деді Президент өз Жолдауында.