Мәжілістің жалпы отырысында жылыту маусымына дайындық паспорттарын кәсіпорындардың неге алмағаны туралы мәселе қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Ринат Зайытов Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевқа жылыту кезеңіне дайындық құжаттарын алмаған кәсіпорындар туралы сұрады.
Энергетика министрлігінің бақылауындағы кәсіпорын 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде күзгі-қысқы жұмысқа дайындық құжаттарын алмаған. Өтінім бермеген. Қазір осының салдарынан дайындық құжаттары (паспорт – авт.) ешкім қажет етпейтін ресми нәрсе сияқты болып қалды, - деді Ринат Зайытов.
Айтуынша, соның салдарынан жыл сайын 500-ден астам кәсіпорын дайындық паспортын алуға өтінім бермейді.
Осы жерде заңды сұрақ туады. Құрметті Алмасадам Майданұлы, сіздер қалай жұмыс істеп отырсыздар? Неге бұлай жұмыс істеп отырсыздар? Болашақта не жоспарларыңыз бар? – деп сұрады депутат министрден.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев барлық ірі энергетикалық нысан қысқа дайындық паспортын алатынын атап өтті.
Қалып отырғаны айыппұлы бар шағын және орта бизнес объектілері. Бұл орта кәсіпкерлер үшін 170 мың теңге. Бұл объектілер энергиямен жабдықтау сенімділігіне әсер етпейді. Жергілікті атқарушы органдар жұмыстарын нығайтып, әкімшілік хаттама жасауды күшейтулері керек. Ал қадағалау жұмыстарын біз жүзеге асырып жатырмыз. Егер ірі кәсіпорын дайындық паспорт алмаса, онда комиссия министрлік деңгейінде кеңес ұйымдастырып, тиісті шаралар қолданылады, - деді Сәтқалиев.
Мәжіліс төрағасы 500-ден астам кәсіпорынның дайындық паспортын алмағаны туралы болғанын айтып, сұраққа қайта жауап беруді сұрады.
Екібастұз ЖЭО-да аварияға дейін дайындық паспорттары болды ма? – деп сұрады палата төрағасы.
Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Хасар Хабылбеков Екібастұз ЖЭО-да дайындық паспорттары болғанын айтты.
Оны жергілікті атқарушы орган берді. Жылыту маусымына дайындық кезеңінде әкімдіктер осындай паспорттарды береді, - деді ол.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов дайындық паспорты өзекті екенін атап өтті.
Депутат Ринат Зайытовтың сұрағы өзекті. Барлық мәселе осы паспорттың жоғынан басталады немесе формальді берілгеннен басталады. Біз білеміз ғой. Не паспортты келісіп бере салады, артынан проблеманы көріп жатырмыз немесе мүлдем өтінім бермейді, паспорт та жоқ. Сондықтан еліміз бойынша қаншама кәсіпорында осындай проблема бар. Сондықтан біздің тиісті комитет осыны бақылауға алуы керек. Экология комитеті ғой айналысатын? Бұл мәселені тағы комитетте тыңдау керек. Келесі жылға дайындық, паспорт дайындығы, бүкіл министрлікпен бірге комитетте қарау керек. Қай кәсіпорын паспортты алды, қай кәсіпорын алмады? Бұл біздің энергетикалық қауіпсіздікке қатысы бар сұрақ, - деді спикер.