Барлық деңгейдегі олимпиаданы өткізу процесін автоматтандырдық – Аймағамбетов
21 Мамыр, 12:21 534

Барлық деңгейдегі олимпиаданы өткізу процесін автоматтандырдық – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Алматыда қала мектептерінде оқитын республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтадым. Жеңімпаздарға дипломдарын табыстап, дарынды балалардың сұрақтарына жауап бердім, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Биыл жүлделі орындарды еліміздің барлық аймағының 920 қатысушысы иеленді. 183 оқушы алтын, 274 оқушы күміс және 463 оқушы қола медаль иегері атанды.

Олар аудандық, қалалық, облыстық олимпиадалардың елегінен өтіп, республика көлеміндегі үздіктердің үздігі атанды. Жас қатысушылардың жеңістері барынша әділ болуы үшін биыл біз барлық деңгейдегі олимпиаданы өткізу процесін автоматтандырдық. Яғни олар электронды форматта өтті. Былтыр оқушыларымыздың әлемдік деңгейдегі олимпиадаларда жеңіп алған медальдары рекордтық көрсеткішке жетті. Биыл өз рекордымызды жаңартамыз деп үміттенемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өткім келеді, - деп жазды ол.

Жақында Президент халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай төлемдерді төлеу нормасын қарастыратын заңға қол қойды. Алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі.

Оқушыларды жарысқа дайындаған педагогтерге де біржолғы сыйақы беріледі. Одан бөлек, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қазақстандық ЖОО-ға түсу үшін автоматты түрде гранттар беріледі. Білім және ғылым министрлігі елімізде балаларға жағдай жасау және олимпиадалық қозғалысты дамыту жұмыстарын жалғастыра береді.

Құрметті оқушылар!

Қызықты кездесу, жағымды эмоция және оқудағы жетістіктеріңіз үшін рахмет! Мұнымен тоқтап қалмай, тек алға ұмтыла беріңіздер, - деді Аймағамбетов.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...