Барлық алматылық тауды жақсы көреді. Қала тұрғыны мегаполистегі өмір туралы айтты

22 Қаңтар 2022, 12:46
3681
Бөлісу:
Барлық алматылық тауды жақсы көреді. Қала тұрғыны мегаполистегі өмір туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тұрғылықты жерді өзгерту – қиын процесс. Әрине, бір үйден екінші үйге көшкеннен, бір қаладан екінші қалаға көшу өте күрделі. Жалпы тұрғылықты жеріңнен басқа қалаға ауысу адамға қалай әсер етеді? Басқа қалаға көшу алдында нені ескеру керек? Жаңа жерге қалай бейімделу керек? Бүгінгі кейіпкеріміз Гүлтай Хасенова елордадан Алматыға қалай көшкені туралы әңгімелеп берді.

Гүлтай Хасенова 31 жаста. Екі баланың анасы. Ол Қарағанды облысындағы Қушоқы деп аталатын шағын ғана ауылда туып өскен. 

Қушоқы – шахтерлер ауылы. 

Алғаш рет 18 жасымда көштім...

18 жасымда ауылдан Қарағандыға оқуға кеттім. Сөйтіп Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне журналистика мамандығына оқуға түстім. Бұл – менің ата-анамның жанынан кетіп, алғаш рет өз үйімнен жырақта тұрған кезім еді. Мұны алғашқы көшуім деп алсам болады. Әрине, оқу кезінде ауылға әр апта сайын барып тұрдым. Кейін тұрмысқа шығып, Қарағандыдан Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан) көштім. Бұл 2011 жылдың басы болатын. Бұл менің қоныс аударған екінші қалам болды. Жаңа орта, жаңа қала. Мен үшін елорда әлеуеті жоғары, мүмкіндіктер мол қала болды, - деп айтты ол.

Гүлтай өз сөзінде астанада тұру арманы болғанын айтты.

2007 жылы алғаш рет елордада болғанымда «Бәйтеректегі» қолға алақанымды қойып, Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) тұруды тілеген болатынмын. Өйткені жас қала маған қатты ұнады. Әрине, Қарағандыдан кейін зәулім ғимараттар көз жауын алып, осында тұруды армандадым және ол орындалды. Елордада балаларым дүние есігін ашты, мамандығым бойынша жұмыс істедім. Түрлі қызметте болдым, - деп айтты кейіпкер.

Гүлтай Хасеноваға елорданың климаты ұнамаған. Ол сол себепті басқа қалаға көшуді жөн санаған.

Нұр-Сұлтанда 10 жыл тұрдым. Осы уақыт ішінде жас қала менің сүйікті қалама айналып үлгерді. Бұл жерде көп естеліктер, әсер қалдырды, көп дос таптым. Астананың әр көшесі мен ғимаратын жатқа біліп алдым десем де артық емес. Десе де, маған ұнамаған тұсы – ол климат. Себебі танысымның көбі менің үнемі жел тоқтамайтынына шағымданатынымды және тоңғақ екенімді біледі. Көлікпен жүретін елордалықтар желге аса қатты мән бермеуі мүмкін, бірақ сіз бірнеше автобусты ауыстырып, жұмысқа барғаныңызда ауа райының қолайсыз екенін көресіз. Себебі жылы автобустан бірден аязды, желді далаға шыққанда бойыңызда жағымсыз әсер пайда болады. Бұл қала өте көрікті, таза болғанымын ауа райы ұнамады. Әсіресе соңғы екі жылда басқа жаққа, жылы аймаққа көшу туралы ойлай бастадым, - дейді ол өз сөзінде. 

Барлық алматылық тауды жақсы көреді. Қала тұрғыны мегаполистегі өмір туралы айтты

Астанадан Алматыға көшу процесі қалай басталды?

2018 жылы алғаш рет Алматыға қонаққа бардым. Құрбымның ұзату тойы болды. Қазан айы болатын. Барлығы айтқандай, күн өте ашық, жылы болды. Бірақ ауа райының құбылмалы екенін білмедім. Себебі таңертең күн шығып тұрса, түскен кейін бірден жаңбыр жауып кете салады. Ал елордада бәрі басқаша. Жаңбыр жауса, кешке дейін жауып тұрады, - дейді ол оңтүстік астананың климаты жайында.

Алматы мен елорда екі түрлі қала. Алматы - ескі, ғимараттарының тарихы сақталған қала. 

Алғашында «Алматы менің қалам емес» деген ой келді. Кейін қайта Нұр-Сұлтанға келгеннен кейін Алматыға жаным бұрып тұрды. Себебі елорда маңында ешқандай тау жоқ. 2020 жылы наурыз айында алматылық достарым көктемгі жылы күннен фотолар тарата бастады. Өздеріңіз білетіндей, бұл айда Нұр-Сұлтанда әлі қыс. Кейін көшу туралы ойлап жүргенде пандемия басталып кетті. 2 ай бойы карантинде болып, үйден шықпадым. Күн жылына бастаған кезде ғана карантин талабы жеңілдеп, үйден шыға бастадық, - дейді жас алматылық.

Кейін ол қазан айында Алматыға демалысқа барып, Көлсай, Қайыңдыны аралап келген. Осы уақытта Гүлтайға қаланың жылы, желсіз ауа райы ұнай бастайды. 

Алматының өмірі ерекше әсер қалдырды. Жазғы кафелерде кофесін ішіп, әңгімелерін айтып, серуен құрып жүрген адамдары ұнады. Одан бөлек, қаланың ерекше бөлігі – оның тауы. Себебі жаяу жүргенде көздің жауын алатын картина сияқты тауды күнде көргенде энергия аласың. Маған осы сезім ұнады. Осыдан кейін Алматыда ең бақытты адамдар тұрады деген ой келді. Бұл күні Алматыда +19 градус болатын. Осы күні астанаға оралғанымда -4 градусқа суық болды. Әуежайдан шыққан бойда мен үшін бұл суық және мен тұратын қала емес екенін түсіндім. Өзгеріс қажет екенін ойладым. 2021 жылы Алматыда көктемде жылы кезең басталғанын тағы көрдім. Ал бұл күні елордада бораннан көрші үй көрінбейтіндей ауа райы болды. Дәл осы күні, 23 наурызда Алматыға көшемін деп шештім, - дейді Гүлтай Хасенова өз сөзінде.

Ол қашықтан жұмыс істейтін болғандықтан басшысынан басқа қаладан жұмыс істеуге мүмкіндік бар-жоғын қарастыра бастаған. Жұмыс берушісі бірнеше апта ойланып, Гүлтайдың ұсынысыма келісімін береді. Сөйтіп ол Алматыға көшетіні туралы балаларына түсіндіре бастайды. 

Қайда көшсем де алаңдайтын мәселем бар. Ол – балаларым. Себебі олар да достарын тастап, басқа қалаға кетіп жатыр. Бұл балалық шақтағы қиын сәт деп ойлаймын. Біз үшін тіпті қаланың ішінде тұрып, бір ауданнан екінші ауданға көшу – оңай. Өйткені үлкендер байланысты жоғалтпайды. Ал балалар үшін бұл – стресс, - дейді ол.

Барлық алматылық тауды жақсы көреді. Қала тұрғыны мегаполистегі өмір туралы айтты

Нұр-Сұлтан vs Алматы. Қалалар айырмашылығы туралы

Көшуден қорықпадым, бірақ заттарымның қандай жағдайда жететінін уайымдадым. Тұрақтайтын пәтерді алдын ала іздемедім. Себебі қашықтан қалағаныңдай үйді табу қиын. Оның үстіне алматылық құрбым сайттарда жалдамалы пәтерлердің хабарламасы таңертең ілінсе, кешке алынып тасталынатынын айтты. Себебі пәтер іздеушілер көп. Сол себепті оны өз көзіңмен көріп, іздеген дұрыс. Одан бөлек, менде жұмысым, алдын ала жинаған қаражатым болды. Сондықтан басқа қалаға көшу үрей туғызбады, - дейді Гүлтай Хасенова.

Сөйтіп ол Алматыға келген күні өзі қалағандай пәтер тауып, жалға алады. Кейін балаларын мектепке, балабақшаға орналастырады.

Барлық алматылық тауды жақсы көреді. Қала тұрғыны мегаполистегі өмір туралы айтты

Гүлтай екі қаланың айырмашылығы туралы айтып берді.

Елордада климат -40-тан +40-қа дейін және жел жаз бойы тоқтамайды. Бұл өте қолайсыз. Себебі аулада балалармен қыдырған күнде де жел болатын. Ал Алматыда өте қолайлы климат. Биыл тіпті қар да түспеді. Өте жылы. Биылғы қыста ауа райы күндіз +11 градусқа дейін барды, - деп айтты ол.

Сөзінше, Алматы үнемі қозғалыста болатын қала. Тіпті түнде де көліктер мүлде тоқтамайды. Өмір сүруге өте қолайлы қала. Тұрғындар тауға қарап, бағыт алады. Төмен, жоғары. Барлық көше параллель орналасқан. Картадан қарасаңыз, сетка сияқты көрінеді. Көшелердің қиылысы ыңғайлы. 

Алматыда парктер, саябақтар, кішкентай скверлер өте көп. Қыдырып не жұмыспен жүріп шаршағанда демалып отыратын орындықтар жетерлік. Осындай скверлерде отырып, күнге «шомылып», демалып отырғандарды жиі кездестіруге болады. Мені таңқалдырған тағы бір жайт бар. Ол – баскетбол алаңдары. Аулаларда да, саябақтарда да осындай алаңдар салынған, - дейді Гүлтай.

Оның айтуынша, Алматы тұрғындары бір-бірінен мейірімділігімен, жылы жүзділігімен ерекшеленеді. Мысалы, бір адамды тоқтатып, көше сұрасаң да, тоқтап, барлығын бүге-шігесіне дейін түсіндіріп береді. Тіпті қажет жеріңе дейін жол көрсетіп, жеткізіп беретіндер де бар. Барлығы үнемі күлімсіреп тұрады.

Алматыда да басқа жақтан келгендер жетерлік. Олар да қала тұрғындары сияқты жылы шырайлы. Одан бөлек, қалада шығармашыл адамдарды жиі кездестіруге болады. Ерекше киім үлгісімен жүретін жастарды да атап өткен жөн. Олар өте ашық.

Менің ойымша, барлық алматылық тауды жақсы көреді. Олар қаланың тарихын өте жақсы біледі. Себебі маған Алматы туралы барлығын білетін адамдар кездесті. Ғимараттардың тарихы, тағысын тағы. Қаланың тарихын насихаттау мектепте дәстүрге айналған деп ойлаймын. Олар Алматы мен Нұр-Сұлтанды салыстырғанды ұнатпайды. Тұрғындар өз қаласы үшін жан-тәндерімен берілген, - деп айтты ол.

Барлық алматылық тауды жақсы көреді. Қала тұрғыны мегаполистегі өмір туралы айтты

Алматыда өмір сүру қымбат па?

Алматыға көшіп келгенімде екі бөлмелі пәтерде тұрдым. Оны 120 мың теңгеге (+тұрмыстық қызмет) жалға алдым. Бірақ үйдің жағдайы орташа болды. Ал астанада бір бөлмелі пәтерді 90 мың теңгеге (+тұрмыстық қызмет) жалдаған болатынмын. Кейін күзде бағалар бірден көтеріліп, мен тұрғандай пәтерлер шамамен 200 мың теңгеге дейін барды. Ал мен тұрған пәтер иесі үйдің бағасына тағы 20 мың теңге қосты. Нәтижесінде мен 140 мың теңгеге қоса, жарық, су сияқты қызметтерге төледім. Бұл мен үшін қалтама салмақ сала бастады, - дейді ол.

Сөзінше, азық-түлік бағаларына келетін болсақ, көкөністер мен жемістердің бағасы төмен. Өйткені барлығы оңтүстіктікі. Бұл - біріншіден. Екіншіден, бәрі өте дәмді. 

Алматы - базарлар мәдениеті орналасқан қала. Өйткені олар өте көп. Әр ауданда бар. Мұнда қалталылар да, жағдайы орташа тұрғындарда базардан азық-түлік алып, киінеді. Кептеліс кезінде такси қызметінің бағасы өседі. Бірақ астанадағы боран кезіндегідей бағалар болмайды. Ал автобус мен метро бағасы 80 теңге. Менің ойымша, Алматыда пәтер бағасы ғана қатты ерекшеленеді. Тіпті оны сатып алу да өте қымбатқа соғады, - деп толықтырды Гүлтай өз сөзін.

Барлық алматылық тауды жақсы көреді. Қала тұрғыны мегаполистегі өмір туралы айтты

Жаңа қала жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Бастысы ештеңеден қорықпау керек. Жаңа қала, жаңа жол – ол жаңа мүмкіндіктерге бағыт ашады. Оны мен сезініп көрдім. 10 жыл бойы астанада қол жетпеген дүниеге Алматыда алты айдың ішінде қол жеткіздім. Нақтырақ айтсам, Алматы маңынан баспана сатып алдым, - деп айтты кейіпкеріміз.

Гүлтай Хасенова айтқандай, басқа қала не ел – ол әрқашан жаңа тәжірибе, әсер. Жаңа жерді көру қашанда теріс болмайтыны сөзсіз. 

Тіпті жаңа жерде бәрі ойдағыдай болмаса да, оны өмірден алған тәжірибе ретінде қабылдау керек. Сондай-ақ мұндай процесс кезінде нағыз достар анықталады. Бірі бас қатырмаса, бірі сен көшкенше, көмектесіп, қолынан келгенді жасауға тырысады. Яғни өзіңді де, жақыныңды да сынайтын кезең деуге болады. Адам қай жерде тұрса да лайықты өмір сүргені дұрыс деп ойлаймын. Себебі қорқыныш ол әрқашан адам бойында болады. Оны қабылдай білу керек. Бірақ оны жеңіп, алға қадам жасай білген жөн, - деп кеңесін айтты ол.

Алматыдағы тәртіпсіздік туралы

Мен қаланың өзінде емес, шет жақ бөлігінде тұрамын. Тәртіпсіздіктің алғашқы күні (4 қаңтар) кешке 9-да интернет өшірілді. Жаңаөзендегі митингтен кейін, Алматыда да басталғанын естідім. Алғашында бірнеше сағат қана интернет болмайтын шығар деп ойладым. Бірақ таңертең оянғанда байланыс әлі болмады. Кейін сағат 10 кезінде баламды мектепке орналастыру бойынша құжаттармен шыққанымда көршім митинг болғанын, ешқайда шықпау керегін айтты. Ал мен теледидар да, интернет те болмағандықтан жаңалықтардан хабарсыз едім.., - дейді Гүлтай.

Барлық алматылық тауды жақсы көреді. Қала тұрғыны мегаполистегі өмір туралы айтты

Ол 5 қаңтарда кешке интернет қосылғаннан кейін әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды көріп шошыған. Себебі бұған дейін ештеңеден бейхабар болғандықтан сабырлы күйде жүрген. 

Әлеуметтік желілерде блогерлер әкімдік ғимаратының жанғаны, атыс болғаны туралы түрлі фото-видеолар таратты. Оны көріп, халық үшін қорықтым. Тіпті жылап та алдым.  Ауданымызда көршілердің арасында түрлі әңгімелер тарап, қорқа бастадық. Екі күн қатарынан балаларыммен көршілерімнің үйінде қондым. Өйткені, мародерлер үйлерді аралауы мүмкін деген әңгіме тарады. Оның үстіне маңымызда орналастан «Mall Aport» сауда үйін қателеспесем 6 қаңтар күні кешке тонап кетті. Одан бөлек, тұрғындардың арасында Еркелі ауылында (кейіпкер тұратын қала шетіндегі жер – ред.) «бандиттердің бірі жүр» деген әңгіме тарады. «Әйелдерді зорлап, еркектерді өлтіріп, үйлерді тонап жатыр» деген қауесет тарады. Сөйтіп көршілер моншаға барып, түнде сонда тығылуды ұсынды. Осы күні (7 қаңтар - кейіпкер) әр дыбыстан қорқып, үреймен түнді өткіздік, - дейді ол «қаңтар оқиғасы» жайында.

Кейін жағдай тұрақтала бастағаннан кейін ауылдарына әскерилер келіп, әр үйді тексерген. Олар ауылды күзететіндерін айтып, тұрғындарды үрейге бой алдырмауға шақырады.

2-3 күннен кейінге қалаға барғанымда ғимараттардың өртеніп, өңі қашқанын көріп, жүрегім ауырды.., - деп айтты Гүлтай Хасенова.

Өзгелердің жаңалығы