Алматыда 13 жасар оқушыны зорлап, оған АИТВ жұқтыру қаупін төндірген қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты.
Құқық қорғаушы Ләззат Рақышеваның хабарлауынша, 2026 жылдың 30 наурызында өткен сот отырысында айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылданды.
Сотта белгілі болғандай, жантүршігерлік оқиға 2025 жылдың 1 қыркүйегінде болған.
Қылмыскер жәбірленушінің әкесінің досы болып шықты. Оның үстіне, қаскөй өз бойындағы инфекцияны біле тұра, баланың денсаулығына қасақана қауіп төндірген. Осыған байланысты сот Қылмыстық кодекстің 118-бабы бойынша бөлек қаулы шығарды.
Істің тағы бір ерекше тұсы – тергеу кезіндегі қысым мен заң бұзушылықтар болған.
Белгілі болғандай, қыздың анасы жол ережесін бұзғаны үшін жазасын өтеп жатқанда, оған қызына қатысты қылмыс туралы 6 ай бойы хабар жетпеген. Осы уақыт ішінде балаға ешқандай психологиялық көмек көрсетілмеген.
instagram.com/rakisheva_lyazzat/ / скриншот
Керісінше, қылмыскердің туыстары, адвокаттары және қыздың өз әкесі оған: «Бәріне өзің кінәлісің» деп психологиялық қысым көрсетіп, жауабын өзгерткен.
Бұл деректер де сот назарынан тыс қалған жоқ. Судья екі адвокат пен айыпталушының бауырына қатысты «дәлелдемелерді бұрмалау» фактісі бойынша жеке қаулы шығарып, материалдарды қылмыстық іс қозғау үшін прокурорға жолдады.
Алматы қаласында сот процесі өтті. Сот айыпталушыны аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, - деді белсенді құқық қорғаушы Ләззат Рақышева.
Сонымен қатар ол сот екі жеке қаулы шығарғанын атап өтті.
Сот екі жеке қаулы шығарды: екі адвокат пен айыпталушының бауырына қатысты - іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалау фактісі бойынша. Материалдар тексеру және қылмыстық іс қозғау мәселесін шешу үшін прокурорға жолданды. Бұдан бөлек, сот ҚК 118-бабы бойынша да жеке қаулы шығарды, себебі сотталған адам өзінің ВИЧ-инфекциясын біле тұра, кәмелетке толмаған баланың денсаулығына қасақана қауіп төндірген, - деп жазды Рақышева.