Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Каспий теңізін қорғау үшін құрылған Ғылыми институт жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ноғаевтың айтуынша, су қорларының тартылуы - әлемдік тенденция.
Байқасаңыздар басқа көптеген елде және еуропадағы өзендер тартылып, кеуіп жатыр. Соның әсері бізге де тиіп отыр... Каспий теңізі тартылып бара жатыр. Мұны ескере отырып, Мемлекет басшысы Каспий теңізінің проблемаларымен айналысатын Ғылыми-зерттеу институтын құру жөнінде тапсырма берді. Су министрлігінің жанында бұл институт құрылды, - дейді әкім ОКҚ-да өткен брифингте.
Әкім ғылыми орталық Каспиді - құқықтық-нормативтік тұрғындан және сондағы жануарлар мен өсімдікті қорғаумен айналысатынын атап өтті.
Каспий теңізінің тартылуы - әркімді толғандырады. Тек Маңғыстау тұрғындарын емес, бүкіл Қазақстан алаңдайды. Осы мәселені ғылыми негізде шешу мақсатында институт ашылды. Халықаралық деңгейдегі шаралар қабылданады. Бәрі уақыт еншісінде, - деді Ноғаев.