Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ертең, яғни 27 мамырда Павлодар қаласының қылмыстық істер бойынша №2 сотында облыстың экс-әкімі Болат Бақауовтың ісі қаралады.
Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылыққа айыпталып отырған Болат Бақауовқа қатысты қылмысты қылмыстық іс өндіріске алынған. Экс-әкім "өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану" бойынша жауапқа тартылған болатын. Егер қылмысы дәлелденсе,бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырылады.
Негізгі сот талқылауы сотталушының, мемлекеттік айыптаушының және қорғаушы адвокаттың қатысуымен 2020 жылдың 27 мамыры күні сағат 10.00-де Павлодар қалалық №2 сотының ғимаратында өтеді.
Сотталушыға қатысты таңдап алынған бұлтартпау шарасы сол қалпында қалады. Процессуалдық келісім жасау барысында тағайындалған сот отырысына кедергі келтіретін қылмыстық іс жүргізу заңын бұзуға жол берілмейді. Іске қатысты прокурордың айыптау актісі бекітілген жоқ, сотталушыға қатысты тағайындалған бұлтартпау шарасын өзгертуге және алып тастауға негізсіз. Қылмыс салдарынан келтірілген шығындардың орнын толтыруды қамтамасыз ететін шаралар және мүлікті тәркілеу мүмкіндігі қабылданған. Қарсылық түскен жоқ. Сотқа дейінгі өндіріс барысында күдіктің қорғаушысы ретінде адвокат қатысты. Оның іске қатысуына кедергі келтіретін жайт жоқ, - делінген таратылған баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша ұстаған еді. Сосын екі айға қамауға алынды. Алайда ақпанда денсаулығының нашарлауына байланысты тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылды.