«Бапкердің сөзі әсер етті». Бақтиер Зайнутдинов тарихи жеңіс жайлы

18 Қазан 2023, 10:54
731
Бөлісу:
«Бапкердің сөзі әсер етті». Бақтиер Зайнутдинов тарихи жеңіс жайлы
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов жеңісті голы мен Финляндиямен матчтан кейінгі әсерін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бапкеріміз ойын басталмай тұрып өте әсерлі сөздер айтты. Мүмкіндік барда біз соңына дейін күресеміз. Біз ештеңе жоғалтқан жоқпыз, алда тағы екі матч бар, сондықтан соңына дейін барамыз. Мұсаұлы мықты мотиватор екені бәріңізге мәлім, кейде сондай сөздерді қайдан табады екен деп ойлаймыз. Оның сөздері ойынымызға күш береді. Бапкеріміз бірінші таймнан кейін де жақсы сөз таба білді. Біз алаңға сенімді шығып, жеңіске жеттік, - деді Зайнутдинов.

Ұлттық құрама қақпашысы Игорь Шацкий пікірінше, жігіттер Даниялдан кеткен есені қайтарды.

Біз барынша эмоцияға берілдік, көп күш жұмсадық. Даниядан кейін де күш қалды. Финдармен матчта да бірінші тайм ештеңе істей алмадық. Бәрімізде жауапкершілік басты, елімізге керек нәтижені бергіміз келді. Магомед Мұсаұлы алаңның қай бөлігінде жақсы ойын көрсетіп, жинақылық қажеттігін айтып берді. Жігіттерді мақтан тұтамын, - деді Шацкий.

Кеше матчтан соң Бақтиер Зайнутдинов ұлттық құрама тарихындағы үздік сұрмерген атанды. Ол ұлттық құрама сапындағы 13 және 14-голын соғып, құрама тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. Бұған дейін рекорд Руслан Балтиевке (13 гол) тиесілі болатын.

Кеше түнде Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңдерінде Қазақстан құрамасы сырт алаңда Финляндиядан басым түсіп, тарихи жеңіске қол жеткізді. Бірінші таймда алаң иелері басымдық танытып, айып добынан есеп ашты. Гол авторы - Роберт Тэйлор.

Ал екінші таймда отандастарымыз ойын мәнері өзгеріп, жиі шабуылға көшті.

77 минутта пенальтиді сәтті орындаған Бақтияр Зайнутдинов есепті теңестірді. Ал 89 минутта Р.Оразовтың пасын қақпада тулатқан Б.Зайнутдинов Қазақстанға жеңіс сыйлады.

Еуропа чемпионатының іріктеу сындарында Қазақстан құрамасы 8 ойында 12 гол соқты. Әзірге ұлттық құрама қоржынында 15 ұпай бар. 17 қарашада Қазақстан - Сан-Марино, Финляндия - Солтүстік Ирландия, Дания - Словения ойындары өтеді.

Өзгелердің жаңалығы