Банктер азаматтарға "несие төле" деп хабарласса, айыппұл төлейді

Бөлісу:
Банктер азаматтарға "несие төле" деп хабарласса, айыппұл төлейді
Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ -архив

Банктер немесе коллекторлық агенттіктер демалыс күндері несиені өндіріп алу үшін азаматтарға хабарласуға құқы жоқ. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Банктер немесе коллекторлық агенттіктер, жалпы проблемалық несиені өндіріп алу бөлімдері азаматтарға демалыс күндері, яғни жұмыс уақытынан басқа уақыттарда қоңырау шалуын тоқтатпайды екен. Бұл заңмен реттеле ме? Бұл мәселе бойынша шағымдар бар ма? – деп сұрады журналистер.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова бұл мәселе заңмен реттелетінін айтты.

Коллекторлық агенттіктердің демалыс күндері хабарласуға құқы жоқ. Оған тыйым салынған. Сондай-ақ жұмыс күндері күніне 3 рет ғана хабарласа алады. Оған қоса аудио, видео жазып алуы керек. Егер сізге демалыс күндері осындай қоңырау түсіп жатса, ол мәліметті бізге (Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі – ред.) беруіңіз қажет. Агенттіктің call-орталығына берсеңіз, біз оны тексереміз. Коллекторлық агенттікке нақты шаралар қабылдаймыз, - деп айтты ол.

Әбілқасымованың сөзінше, мұндай мекемелерге жұмысын тоқтатуға дейін шаралар қолданылуы мүмкін. Бірінші айыппұл салынады. Екіншіден, қызметі толығымен тоқтатылады.

Бұған дейін психиатриялық және наркологиялық есепте тұрғандарға кредит берілмейтіні туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы