Банк қызметкері зейнеткердің депозитінен 6 миллион теңге ұрлаған

16 Шілде 2022, 13:30
1674
Бөлісу:
Банк қызметкері зейнеткердің депозитінен 6 миллион теңге ұрлаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Банк қызметкері 71 жастағы зейнеткердің депозитінен 6 миллион теңге ұрлаған.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Полицияға елорда тұрғыны депозитінен ақша жоғалып кеткенін айтып арызданған. Қарт адам 2018 жылы депозитке ақша салып, оны ұзақ уақыт пайдаланбаған және арадан уақыт өте ол ақшасын алу үшін банкке келген.  Алайда банкке келген кезде шотына жинаған қаржысының жоқ екенін білген. Мән-жайды анықтау үшін ер адам полицияға жүгінген.

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің «Есіл» ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ақшаның жоғалуына банк қызметкерінің қатысы бар екенін анықтады. Анықталғанындай, банкир есепшотқа қол жеткізе отырып, жәбірленушінің 6 миллион теңгесін досының есепшотына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырған. Күдікті ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген. Полицейлер бір тәуліктің ішінде қаскүнемді анықтап, ұстады, – делінген хабарламада.

23 жастағы күдіктіге қатысты «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. 

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуды ескертеді.

Өзгелердің жаңалығы