Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің табиғатты қорғау мекемелері қатып қалған су айдындарындағы балықтарды құтқару шараларын бастады. Бұл іске салалық мемлекеттік органдар, табиғат пайдаланушылар мен еріктілер атсалысты.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өкілдерінің мәліметінше, аймақта балық шаруашылығы жүргізілетін су айдындарының тізімінде 201 тұщы нысаны бар. Олардың 59-ы 26 табиғат пайдаланушыларының иелігінде. Қолданыстағы заң негізінде балық шаруашылығын тізгіндегендер қатып қалатын шағын көлдерде ұңғымалар қазып, балықтарға ауаның жетуін қамтамасыз етеді.
Алғашқы шара Ертіс өзенінің ірі саласы Усолка маңындағы Хамутинка тоғанында ұйымдастырылды.
«Қыс мезгілінде кішігірім көлдер Ертіс өзеніне құйылмай қалады, яғни оқшауланады. Аязды күндері мұздың қатып қалып, балықтар қырылып қалуы мүмкін. Көбіне ауа жетпей қалады. Балықтарды өлімнен құтқару үшін біз ұңғымалар қазып, қамыспен толтырып қоямыз. Сонда ауа судың астына жетеді», - дейді облыстық Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Ернар Шакеев.
Сала мамандарының хабарлауынша, соңғы онжылдық ішінде Ертіс өңірінің су айдындарында балық қоры азайған. Аймақтағы өзен-көлдерде сазан, тұқы, көксерке сияқты 30-ға жуық балық түрі тіршілік етеді.
Жастар жылы аясында жас буын өкілдері экологиялық бағыттағы шараларға қатысуды көздейді. Еріктілер «Жасыл патруль» акциясына мұрындық болған. Жастар балықтарды өлімнен құтқару жолында сала мамандарына көмек көрсетуді мақсат еткен.
Фото автордікі
Ақмаржан Әділбек