Балқаштағы дәмханалардың бірінде келушілер арасында болған жанжал салдарынан даяшы қыз зардап шекті. Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаменті хабарлады.
Полицияның мәліметінше, оқиға 21 мамыр күні түн ортасына қарай болған. Бір-бірін танитын келушілер арасында алдымен сөзге келу туындап, кейін жанжал травматикалық қару қолданылған төбелеске ұласқан.
Оқиға кезінде дәмхана қызметкері оқ жарақатын алған. Дәрігерлер оның жарақаты денеге өтпегенін анықтаған.
Полиция барлық қатысушының жеке басы анықталғанын мәлімдеді. Қазір күдіктілердің жүрген жерін анықтап, ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Қарағанды облысы полиция департаменті бұл істің департамент басшылығының бақылауында екенін хабарлады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайды.