Бұған «Алматы-Қарағанды» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізіліп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Енді Қазақстанның бірегей табиғи нысандарының бірі – Балқаш көліне cолтүстік және оңтүстік жақтан баруға болады.
Атап айтқанда, Балқаш қаласы мен Бурылбайтал кенті арасындағы көл бойымен өтетін автомобиль жолының учаскесінде өткен жылы мамандар 127 шақырым автожолды (3 учаске) аяқтап, пайдалануға берді. Биыл қалған үшеуі пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ Қарағандыдан Балқашқа дейінгі учаскеде бұрын-соңды пайдаланылған барлық айналма жол алынып тасталды. Айта кетерлігі, биыл Күрті кентінен Бурылбайтал кентіне дейінгі ұзындығы 81 шақырымды құрайтын учаскені пайдалануға беру жоспарлануда. Барлық көрсетілген учаске төрт жолақты I-б санатына жатады.
Автомобиль жолын қайта құру бойынша жұмыстар толықтай аяқталғаннан кейін су қоймасының қолжетімділігі одан әрі жақсара түседі деп күтілуде. Жол мамандарының айтуынша, жаңартылған инфрақұрылым елдің солтүстік және оңтүстік өңірлері арасындағы қозғалыс қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырып қана қоймай, экономикалық дамуды ынталандыра отырып, өңірдегі туризмнің дамуына ықпал етпек.