Шетелдік саяхатшы Балқаш көлін шаңғымен жүріп өтті

15 Наурыз 2019, 12:15
3073
Бөлісу:
Шетелдік саяхатшы Балқаш көлін шаңғымен жүріп өтті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақ география қоғамы» ҚБ қолдауымен Норвегиядан келген саяхатшы әрі зерттеуші, 27 жасар Уильям Бихолт бір өзі шаңғымен Балқаш көлін жүріп өтті. Балқашты кесіп өтуге арналған мұндай экспедиция тұңғыш рет жасалып отыр.

Бұл туралы «Қазақ география қоғамы» ҚБ-ның жобалар менеджері Мағжан Сағымбаев Алматыда өткен брифинг кезінде айтты.

Саяхатшы 23 күнге созылған саяхат кезінде 545 шақырымға тарта жол жүріп өткен. Экспедиция 2019 жылдың 19 ақпанында Лепсі ауылының солтүстігінен 50 шақырым қашықтықтағы жерден басталып, 13 наурыз күні Бөрібайтал ауылында аяқталған.

«Осы жоба аясында біздің ұйым Уильямға техникалық, сабағаттық және ақпараттық қолдау көрсетті. Біріншіден, біз оған экспедицияға дайындау үшін көлдегі ауа райы және климат жағдайы, флора және фауна мекендеушілері жайлы толық нұсқау бердік. Екіншіден, біздің әріптесіміз Балқашты дербес өзі жүріп өту міндетін өз алдына қойған болатын. Өзінің жол бойында ол бірде-бір елді мекенге кірмей, азық-түлік және су қорларын толтырған жоқ. Мұндай қатаң жағдайда біз қандай да бір төтенше оқиғаларды болдыртпау үшін саяхатшымен үнемі жерсеріктік байланысқа шығып отырдық», - деді Мағжан Сағымбаев.

Саяхатшының өзі бұл сапар қиындықтарға толы әрі қызықты болғанын айтады.

«Балқаш көлін 6 ай бұрын зерттей бастадым. Қазақстанның сұлу әрі жабайы табиғатын ерекше бағалап отырмын. Қатты шаршауды сезініп тұрғаныма қарамастан, мен Балқаш көліне жасаған таңғажайып саяхатыма ерекше таңданыспен қараймын. Келешекте бұл саяхатым басқа да саяхатшыларға осы табиғат сұлулығын тамашалауға шабыт береді деп үміттенемін», - деді Уильям Бихолт.

Мағжан Сағымбаевтың айтуынша, Қазақ география қоғамының өкілдері Қазақстан аумағында мұндай экспедициялар мен саяхаттарды өткізу ішкі туризмді дамытуға және еліміздің бүкіл әлемдегі беделін көтеруге жағдай жасайды.

«Біздің қоғамның басты миссияларының бірі – салауатты өмір салтын насихаттау, саяхаттарды дамытуға қолғабыс көрсету, сондықтан осы жобаны қолдау – осы міндеттерді жүзеге асыру үшін тамаша мүмкіндік. Биылғы жыл Қазақстанда «Жастар жылы» деп жарияланды. Норвегиядан келген жас саяхатшымыз осындай экспедициялар арқылы қоршаған ортаны танудың тәсілдерін жастарға үлгі етіп көрсетіп отырғандығы да ерекше мәнге ие», - деп сөзін түйіндеді «Қазақ география қоғамы» ҚБ-ның жобалар менеджері.
Әділет Мұсахаев
Өзгелердің жаңалығы