Балқаш көлі туристік аймағының тағдыры. Неге министрліктер бір-біріне сілтейді?

24 Сәуір 2023, 12:51
2825
Бөлісу:
Балқаш көлі туристік аймағының тағдыры. Неге министрліктер бір-біріне сілтейді?
Фото: автордан

Балқаш көлінің жағалауын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жаңа жоба әзірленіп, оның сметалық құжатына бюджеттен 120 млн теңге бөлінген. Әйтсе де бюджеттік бағдарламаның әкімшісі әлі анықталмай отыр. Министрлер жауапкершіліктен қашып, жобаны бір-біріне сілтеуде, деп хабарлайды Жетісу облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Мұны бізге Жетісу өңірінен сайланған Сенат депутаты Амангелді Толамисов айтты. Халық қалаулысы бұл мәселені Сенат отырысында да баяндап, сенатор Ғалиасқар Сарыбаевпен бірлесе Қазақстан Республикасы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдаған. Әйтсе де әзірге «жабулы қазан» жабулы күйінде.

Аймақтың өзіне тән мүмкіндігің бірі туризм саласы болғандықтан, Балқаш көлінің жағалауында «Балқаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағын салу өңірдің тың қарқынмен дамуына өз септігін тигізетіні сөзсіз. Егер инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жағдайда бөлмелер қоры 45 мыңға жуық төсек-орынды құрайды. Бұл жобаны іске асыру мақсатында 40,4 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл мәселе 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті бекіту кезінде талқыланған болатын, біз бұл мәселеге қайта оралып отырмыз. Осы жобаны іске асыруды қолдау туралы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 22-5080 қарары да бар. Алайда орталық деңгейде бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі әлі анықталған жоқ, - дейді Амангелді Ғабдікәрімұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде «Аймақтар қуатты болса, бүкіл мемлекет өсіп-өркендейді... Былтыр жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылғанын білесіздер. Бұл қадам осы аймақтарды тың қарқынмен дамытуға жол ашты. Біз аймақтар арасындағы экономикалық теңсіздікті азайту үшін тиімді шаралар қабылдауымыз керек... Әр аймақтың өзіне тән мүмкіндігін толық пайдалану қажет» деген болатын. Ал Жетісудың табиғи-климаттық жағдайы туризмнің сан түрін өркендетуге қолайлы. Соның ішінде рекреациялық, мәдени-тарихи, емдеу-сауықтыру, спорттық, экоагротуризмді дамытуға мүмкіндік бар.

Ал VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы: «Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет» деп тапсырма жолдады.

Естеріңізде болса, былтыр Ел Президенті Жетісуға келген жұмыс сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесуде әкімдікке туризм саласын дамытуға айырықша мән беру керек екенін баса айтқан-ды. «Алакөл мен Балқаштың орасан зор әлеуеті бар. «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркі - экологиялық туризмді дамыту үшін таптырмайтын жер... Міне, осының бәрі - тұнып тұрған байлық. Әрине, туристер көптеп келу үшін тиісті инфрақұрылым салып, қолайлы жағдай жасау керек» деген еді. Осыған орай, қазір өңірде туризм саласына ерекше жағдайлар жасалуда. Әйтсе де осындай кедергілер қолбайлау болып отыр.

Балқаш көлі туристік аймағының тағдыры. Неге министрліктер бір-біріне сілтейді?

Сенатордың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудың орнына министрліктер (ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі) бір-біріне сілтеме жасап отыр.

​ Осы мәселе бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігің ұстанымы мынада:

«Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Р.В. Склярдың тапсырмасына сәйкес Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қолданыстағы заңнамаға, оның ішінде «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу арқылы жобаны қаржыландыру және іске асыру мәселесін пысықтайтын болды».

​ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұстанымы:

«235-ші бюджеттік бағдарламаға қолдау көрсетілмейді, себебі «Қазақстан Республикасының туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға берілетін нысаналы трансферттер тек қана Алматы облысындағы Алакөл көлінің айналасында орналасқан туристік нысандарды сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыру үшін ғана құрылған болатын. ​ Осыған байланысты «Балқаш туристік-рекреациялық аймағының инженерлік-коммуникациялық желілерін салу» жобасын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бюджеттік бағдарламалары аясында іске асыру қажет деп санаймыз».

​ ҚР Қаржы министрлігінің ұстанымы:

​ «Жобаны республикалық бюджеттен іске асыру үшін мынадай тетіктер қарастырылған: 1) ҚР Ұлттық экономика министрлігі арқылы - тапсырыс берушіні кәсіпкерлерге өзгерту жолымен жобалау-сметалық құжаттаманы өзгерту, автожол құрылысын алып тастау, оны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы іске асыру; 2) ҚР Мәдениет және спорт министрлігі арқылы - қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу, қосымша штат бөле отырып құзырет беру (бұл ретте, бұл бастама автожолдар салу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жөніндегі функциялардың қайталануына әкеп соғады). Осылайша, жобаны іске асыру механизмі тұрғысынан қосымша пысықтауды талап етеді».

Бұл ұстанымдар осы іске қатысы бар үш министрліктің берген жауабы. Егер жоба соңына дейін бармаса, жобалық-сметалық құжаттарға бөлінген қаржы көкке ұшып кеткелі тұр. Ал туризм саласы тағы да тығырыққа тірелмек. Осы ретте сенаторлар қозғаған мәселеге тағы бір көз жүгіртсек.

«Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде «Өткен жылы мемлекеттік аппараттың қызметі мен норма шығару процесін дебюрократизациялау бойынша маңызды жұмыстар басталды. Аса маңызды мәселелер бойынша сапалы заңдарды жедел қабылдауға қажетті жағдайлар жасалды. Дегенмен, шын мәнінде, дебюрократизация болмағанын мойындау керек. Министрлер шешім қабылдаудан қорқады, жауапкершілікті әріптестеріне немесе қарамағындағыларға аударады» деп нақты атап өткенінің себебі осындай жағдайлар ма деп түсінеміз.

Балқаш көлі туристік аймағының тағдыры. Неге министрліктер бір-біріне сілтейді?

Сондықтан, Сізден осы мәселені тиімді шешу жолдарын қарастырып, бюджеттік бағдарламаның әкімшісін анықтап, жобаның іске асырылуына қолдау көрсетуіңізді сұраймыз. Біздің ұсынысымыз, нысаналы трансферттерді өткізу үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қосымша штаттық бірлік беру және заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесін қарастыру қажет. Бұл ретте аталған министрлік ұсыныс жолдап нысаналы трансферттерді өткізетін бағдарлама ашып, жергілікті атқарушы органға қаражатты түсірсе болғаны, ал қалған жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар жүргізетін болады деп мәлімдеп отыр (мемлекеттік сатып алу конкурстары, мердігермен келісім- шартқа отыру, құрылыс жұмыстарын қадағалау, қолданысқа қабылдау және тағы да басқалары). Құрметті Алтай Сейдірұлы, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймыз, - делінген сауалда.

Айта кетейік, Жетісу облысының әкімдігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне бюджеттік өтінімдерін бірнеше мәрте жолдаған (24.08.2022ж. №03-34/291-И, 06.01.2023ж. №03-34/22-И).

Өзгелердің жаңалығы