Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.
Балқаш қаласындағы Ленин көшесін ауыстыру бойынша шешім қабылдау үшін құжаттар дайын. Бірақ, індеттің кезінде қоғамдық тыңдау ұйымдастыру жағы қолбайлау болып отыр. Әзірге, жағдайдың жақсаруын күтіп отырмыз, - деді ол.
Аймақ басшысы пандемия алдында Қарағанды қаласында да осындай мәселе көтерілгенін тілге тиек етті.
Ол кезде қоғамдық тыңдау өткізіп, қаладағы 10 көшенің атауын өзгертуге ұсыны тастаған азаматтармен кездесіп, шешім қабылдадық. Мысалы, Қарағандыдағы Ленин көшесі Абай көшесіне ауыстырылды. Бұл жұмыс әрі қарай Балқашта да жалғасын табады деген ойдамыз, - деді әкім.
Айта кетейік, бұған дейін Жеңіс Қасымбек аймақтық эпидемиологиялық жағдайына тоқталып, облыстың периметрі бойынша 8 санитарлық бекет орнатылғанын мәлімдеген болатын. Ол сондай-ақ, биыл Қарағанды облысында жалпы қолданыстағы 2 116 шақырым автожолдың жөндеу жұмыстары аяқталғанын және 10 айдың қорытындысы бойынша облысқа 530 млрд теңге инвестиция тартылғанын айтты.