Балқаш көлінінің таяздану қаупі жоқ – министрлік

3 Шілде 2021, 15:31
1772
Бөлісу:
Балқаш көлінінің таяздану қаупі жоқ – министрлік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов біздің басылымға берген сұхбатында айтты.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Балқаш көлінің таяздануы мүмкін екендігі жайлы мәселе көтерілген болатын. Бұл жағдайдың анық-қанығын білу үшін біз Экология министрлігіне жүгіндік.

- Серік Салауатұлы, қазір көлдің айналасындағы жағдай расымен күрделі ме?

- Алдымен әлемдегі су ресурстарына қатысты жалпы жағдай жақсарып келе жатқан жоқ екенін атап өткім келеді, жыл сайын экономика мен планета тұрғындарының өсуімен бірге суға деген сұраныс та артып келеді. Қазір Қазақстанда судың аздығы байқалады, бұл жағдай әсіресе оңтүстікте, Сырдария өзенінің бойында, сондай-ақ республиканың батысында және Іле өзенінің бойында анық сезіледі. Мысалы, егер су ағыны орта есеппен секундына 400-500 текше метр болу керек болса, өткен жылы ол секундына 140 текше метрді құрады, биылғы шілде айындағы су ағыны 179 текше метр сек.

Балқаш көліне келетін болсақ, ол бойынша барлық мәселелер шешілуде. Балқаш Аралдың тағдырын қайталамайды деп сеніммен айта аламын. Бұл пікірді ғалымдардың, көпжылдық тәжірибесі бар су мамандарының қорытындыларына сүйеніп айтып отырмын. Олар, мысалы, Медеу Аметкал Рахметоллаұлы басшылық ететін География және су қауіпсіздігі институтының сарапшылары, су саласының құрметті ардагері, ҚазКСР су шаруашылығының экс министрі, тәуелсіз Қазақстанның су ресурстары комитетінің бірінші төрағасы Қыпшақбаев Нариман Қыпшақбайұлы, су ресурстары комитетінің орынбасары Кеншімов Әмірхан Қадырбекұлы,  Тараз қаласындағы су шаруашылығы ҒЗИ су ресурстары саласында 40 жылдан астам тәжірибесі бар Калашников Александр Афанасьевич сияқты т.б. ғалымдар.

Зерттеулер көрсеткендей, көлдің тұрақты деңгейде сақталуы (Балтық жүйесінің 341 м белгісінен төмен емес) оған жыл сайын 12 млрд м3 судың құйылуы кепіл болады. Көпжылдық бақылаулар барысында соңғы 25 жылда көлдің деңгейі 342 м-ден төмендемегені анықталды.

Бұл деңгейді сақтау үшін көлге Балқаш ағынының 70%-ын құрайтын трансшекаралық Іле өзенінен жылына кемінде 12 текше метр су келуі қажет. Бүгінгі күні Іле өзенінен Балқаш көліне орта есеппен жылына 12,8 текше метр су келеді. Яғни көлдің таяздану қаупі жоқ.

Іле ағынының 80%-ы Қытайда қалыптасады, ол соңғы жылдары өз аумағында өзен бойында қарқынды дамып келеді. Сондықтан біз ҚХР-мен осы бағытта тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қытайдың өзінің 3500 жылдан астам тарихында ешбір елмен су бөлу жөніндегі келісімдері болмағаные атап өткім келеді.

Біз екі елдің Мемлекет басшыларының тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бастап Қытаймен тиісті келісімді дайындау бойынша жұмыс жүргізудеміз. Қытай тарапымен келіссөздер барысында барлық негізгі мәселелер, соның ішінде Іле өзені бойынша Балқашқа жыл сайын кемінде 12 текше метр су келіп түсуі тиіс деген қағидаттық ұстанымымыз қозғалуда. Қытай тарапының мамандары біздің соңғы келіссөздерімізде де шекаралас аймақтағы тұрақты экологиялық жағдайды қолдайтындықтарын және біз көрсеткен су ағынының деңгейімен келісетіндіктерін растады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

- Балқаш көлінің жағдайына тағы қандай факторлар әсер етуі мүмкін?

- Көл аймағында климаттық, антропогендік немесе адами сияқты басқа факторларды да ескеру қажет.

Көлдегі су деңгейін ұстап тұрудың барлық факторларын ескеру үшін қазіргі уақытта  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Балқаштың проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленуде. Сонымен қатар, біздің ғалымдар көл проблемаларына, оның ішінде Іле өзені мәселелері, сондай-ақ қажет болған жағдайда әрекет ету шаралары бойынша ауқымды ғылыми жоба әзірлеуде. Бұл үлкен жоба 2050 жылға дейін жұмыс істейді.

Қазақстан аумағында Іле өзенінің ағыны Қапшағай су қоймасымен, атап айтқанда онда орналасқан су электр станциясымен (СЭС) реттелетінін де ескеру қажет. Осыған байланысты қазір СЭС иесі - ,,Самұрық-Энерго" АҚ Іле өзенінен Балқаш көліне судың түсуіне теріс әсерді азайту үшін су қоймасында 2025 жылға дейін контрреттегіш салу үшін техникалық - экономикалық негіздеме әзірлеуде. Контрреттегіш бүгінгі күні Іле өзеніне судың үлкен немесе аз жағына келіп жатқан тербелістерді басуға мүмкіндік береді.

- Сондай-ақ, Балқаш көлі атырауының жағдайы туралы мәселе де жиі көтеріледі. Бұл ретте қандай шаралар қажет?

- Иә, көлге су ағынында Балқаш атырауындағы лаймен толтырылуы мүмкін арналардың күйі маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты, кейде жергілікті жерлерде арналардың арнасын өзгерту, оларды көлдің табиғи ерекшеліктерін ескермей тазарту және т.б. туралы ұсыныстар алға тартылады. Осыған байланысты Балқаш көлі мен оның атырауы бойынша кез келген шешім тек біздің тәжірибелі су мамандары, сондай-ақ бассейндік инспекция сарапшыларын есепке ала отырып қабылдануы тиіс екенін атап өткім келеді. Бұл тұрғыда бақыланбайтын қызметке ешқандай жағдайда жол берілмейді. Әйтпесе, бұл көлдің өзіне де, оған тәуелді халыққа да зиян келтіруі мүмкін. Табиғат мәселелеріне ғылыми көзқарассыз араласуға болмайды.

Сондықтан Алматы облысының әкімдігі ғалымдардың пікірін ескере отырып, сондай-ақ біздің министрліктің келісімі бойынша Балқаш атырауында тек түбін тереңдету және тазарту жұмыстарын жүргізеді.

Қорытындылай келе, біздің министрлік ғалымдарымыздың ұсыныстарын ескере отырып, оның тұрақты деңгейін одан әрі сақтау үшін Балқаш бойынша мәселелерді шешуді жалғастыратынын атап өткім келеді. Балқаштың Арал тағдырын қайталауына жол бермейтінімізге сенімдімін. Себебі, ешқандай объективті факторлар жоқ.

Өзгелердің жаңалығы