Балқаш көлінің қазіргі жағдайы мен болашағы жайлы дөңгелек үстел өтті

6 Тамыз 2021, 19:22
4301
Бөлісу:
Балқаш көлінің қазіргі жағдайы мен болашағы жайлы дөңгелек үстел өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі биылғы жылдың 6 тамызында видеконференцбайланыс режимінде ғылыми қоғамдастық, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстары әкімдіктері, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен «Балқаш көлінің қазіргі жағдайы мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

Дөңгелек үстелдің тең модераторы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов болды.

Дөңгелек үстел барысында География және су қауіпсіздігі институтының, сондай-ақ Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің ғалымдары климаттың өзгеруі мен шаруашылық қызметтің Балқаш көліне әсері туралы ғылыми зерттеулердің нәтижелері және ықтимал сценарийлері бар экономикалық әрекеттер туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысушылар Іле-Балқаш өңірінде суарудың ресурс үнемдейтін технологияларын енгізу және Балқаш көліне мемлекеттік мониторинг жүргізу мәселелерін талқылады.

Балқаш атырауы мен көлдің өзін зерттеу нәтижелері Іле-Балқаш өңірінің дамуы 3 кезеңге бөлінетінін көрсетеді:

1970 жылға дейін шартты түрде табиғи;

1971 жылдан 1990 жылға дейін тұрақсыздық;

1991 жылдан 2019 жылға дейін салыстырмалы түрде тұрақты.

Осылайша, қазіргі уақытта Іле-Балқаш өңірінде салыстырмалы түрде тұрақты кезең өтіп жатыр. Осыған орай Балқаштың Арал теңізінің тағдырын қайталау қаупі жоқ деп айтуға болады.

Сонымен қатар дөңгелек үстелге қатысушылар Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсерін тигізбей, Іле-Балқаш өңіріндегі халық пен аймақтың экономикасын тұрақты түрде сумен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау қажеттілігін атап өтті.

Ол үшін ғалымдар мына тақырыптар бойынша қосымша ғылыми зерттеулер жүргізуді ұсынды:

- Балқаш көлінің оңтайлы деңгейін негіздеу;

- Балқаш көліндегі су мен тұз алмасу процестерін басқару негіздері;

- Балқаш көлінің трансшекаралық бассейніндегі ынтымақтастықтың әдістемелік негіздері.

Дөңгелек үстел соңында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.С. Қожаниязов дөңгелек үстел қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар Балқаш-Алакөл бассейнінің проблемалық мәселелерін шешу үшін қолданылатынын атап өтті.



    

Өзгелердің жаңалығы