Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Balapan телеарнасында күн сайын жаңа мультфильм. Оған себеп, биыл телеарна 30-ға жуық мультхикая түсірді, түсіріп жатыр. Бұл былтырғыдан екі есе көп. Бұл туралы балалар арнасының директоры Мақпал Жұмабай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Жыл соңына дейін әлі 10-нан астам анимациялық сериал жарық көреді. Бүгін сіздерге "Су астындағы оқиға" жобасын таныстырғым келеді. Мұхитпен шектесетін елдерде су асты өмірі туралы мультхикаялар да, деректі фильмдер де, көркем фильмдер де көп. Олардың санасымен біте қайнасқан, астасқан тақырыптың бірі. Ал біздің ақпарат кеңістігімізде ондай туындылар жоқтың қасы. Балалар арнасына жұмысқа кіргенімде осы сұрақ ойландыратын әрі мұңайтатын еді. Өйткені біз әлемдік табиғат жүйесінде ерекше мәнге ие Каспий, Арал теңіздері мен Балқаш көлінің иесіміз. Олардың астындағы ғажайып әлем — біздің айнымас тақырыптарымызға айналуы тиіс еді, – деп жазды Balapan телеарнасының директоры.2018 жылы Дискавери арнасынан су асты әлемі туралы деректі фильм сатып алып, балалардың назарына ұсынылған. Енді сол істің заңды жалғасы — "Су астындағы оқиға" жобасын Balapan телеарнасы ұсынып отыр.
Мақсатымыз — жердің бір екенін, оның негізгі бөлігін су алып жатқанын, су — біздің өмірдің, әлемнің дамуына түрткі болғанын бала сезіміне ерте жастан сіңіру. Жоба 3-4 жастағы балаларға арналған. Бес бірдей елдің достығы мен қарым-қатынасына дәнекер болған, тарихтың қатпарлы сырын тұңғиығына жасырған Каспийдің астында Алақай, Сегізаяқ және Жұлдыз деген кейіпкерлер өмір сүреді, – деп жазды, Мақпал Жұмабай.