Бала жөтеліп, дене қызуы көтерілгенде, ата-ана оған тезірек көмектескісі келеді. Осындайда «өткен жолы көмектескен еді» деп, үйде қалған антибиотикті беру қауіпті. Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева мұның себебін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қызу көтерілген сайын антибиотик беру қажет пе?
Ауру белгілері ұқсас болғанымен, олардың себебі әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, тұмауды вирус қоздырады, ал антибиотиктер бактерияларға қарсы қолданылады. Сондықтан дене қызуының көтерілуі өздігінен антибиотик беруге негіз бола алмайды.
Микробқа қарсы препараттарға антибиотиктермен бірге вирустарға, саңырауқұлақтарға және паразиттерге қарсы дәрілер де жатады. Оларды орынсыз қолдану ауру қоздырғыштарының дәріге төзімді болуына ықпал етеді. Соның салдарынан бұрын көмектескен препараттың әсері жеткіліксіз болып, инфекцияны емдеу қиындайды.
Дәріге төзімді бактериялар отбасы мүшелеріне де таралуы мүмкін
Жанна Пралиеваның айтуынша, төзімді бактериялар басқа адамдарға да жұғады. Мұндай бактерияны жұқтырған адам бұрын антибиотик қабылдамаған күннің өзінде, әдетте тағайындалатын дәрі көмектеспеуі мүмкін. Мұндайда басқа препарат таңдауға тура келеді, ал кейде науқастың ауруханада емделу мерзімі ұзарады.
Антибиотикті қалай дұрыс қабылдау керек?
Маман антибиотикті дәрігер тағайындағанда ғана қабылдап, дәрінің мөлшерін, қабылдау аралығын және емдеу ұзақтығын сақтауға кеңес берді. Жағдай жақсарса да, емді өз бетінше тоқтатуға немесе ұзартуға болмайды. Ем кезінде жағдай нашарласа, дәріні өзіңіз ауыстырмай, дәрігерге хабарласу қажет. Бұрынғы емнен қалған антибиотикті қайта қолдануға, балаға немесе отбасының басқа мүшесіне беруге болмайды.
Инфекцияның алдын алу күнделікті әдеттерден басталады. Тамақ дайындамас бұрын және дәретханадан кейін қолды сабындап жуу ішек инфекцияларының таралу қаупін азайтады. Ұлттық егу күнтізбесіне сай екпе алу да бірқатар жұқпалы аурудан қорғайды. Инфекцияның алдын алған сайын оны емдеуге микробқа қарсы препарат қолдану қажеттілігі де азаяды.