Баланы жеке стоматология клиникасына тегін қаратуға болады

1 Маусым 2022, 14:10
2628
Бөлісу:
Баланы жеке стоматология клиникасына тегін қаратуға болады
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының ұйымдастыруымен Балалар күніне орай өткен пресс-турда балалар тегін стоматологиялық көмекті МӘМС аясында жеке стоматология клиникаларынан да ала алатыны айтылды.   

Қала бойынша 38 тіс емханасы бар. Яғни ата-аналар 18 жасқа дейінгі балаларына шұғыл әрі жоспарлы стоматологиялық көмекті МӘМС-тің базасына тіркелген жеке стоматологиялардан да тегін алуға құқылы. Тіпті басқа қалада жүргенде шұғыл стоматологиялық көмек қажет болса, МӘМС-тің базасына тіркелген кез келген стоматология емханаларына жүгіне алады, – деді Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің басшысы Ғалымжан Жұманов.

МӘМС базасына тіркелген стоматология клиникаларының тізімін мына сілтеме арқылы өтіп, көре аласыз.

Пресс-тур аясында елордадағы міндетті сақтандыру арқылы балаларға тегін стоматологиялық қызмет көрсетіп жүрген жеке стоматологиялық клиникалардың біріне бардық. Онда 30 жылдық тәжірибесі бар тіс дәрігері балалар көбіне қандай арыз-шағымдармен келетінін айтты.   

Қазіргі кезде балалар көбіне пульпит, периодонтит сияқты тіс жегінің асқынған түрлерімен көп келеді. Осыдан 10 жыл бұрын пульпит, яғни тіс ұлпасының қабынуы 9-10 жастағы балаларда кездесетін. Ал қазір 2019 жылғы балалар пульпитпен көптеп келіп жатыр. Пульпиттің жасаруының ең бірінші себебі ауыз қуыс гигиенасының дұрыс сақталмауы деп ойлаймын, ал екіншісі – тамақтану, – дейді стоматологиялық клиника тіс дәрігері Айнұр Нұрғалиева. 

Дәрігер дұрыс тамақтануды негізге алумен қатар балалардың тамақтану рационында әртүрлі езбелер сияқты жұмсақ тамақтардың көбейіп кеткенін айтады. 

Қатты тамақтар болмаса, тістің қатты кіреуке қабаты, дентин қабаты дұрыс бекімейді. Сондықтан сәбіз, алманы турап бермей, баланың қолына ұстатуды ұсынар едім. Тістің жақсы өсіп, оның мықты болуы үшін, жақ-беттің, сонымен қатар асқазанның дұрыс жұмысы үшін балаға қатты тамақтарды беру маңызды, – дейді маман

Өзгелердің жаңалығы