«Баланы мектепке даярлау!» акциясы бір реттік қана іс-шара емес – Қошанов

31 Тамыз 2022, 17:46
1150
Бөлісу:
«Баланы мектепке даярлау!» акциясы бір реттік қана іс-шара емес – Қошанов
Фото: AMANAT

 Аманаттықтар 23 мыңнан астам отбасының 42 мың оқушысын мектеп формасымен, оқулықтармен, рюкзактармен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бұл туралы «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Балалар – ел болашағы. Олардың лайықты білім алуына жағдай жасау «AMANAT» партиясының басты міндеті болып саналады. «Баланы мектепке даярлайық!» қайырымдылық акциясы бүгін аяқталып отыр. Соның аясында барлық өңірдегі партия мүшелері балаларды жаңа оқу жылына дайындауға атсалысты. Аманаттықтар 23 мыңнан астам отбасының 42 мың оқушысын мектеп формасымен, оқулықтармен, рюкзактармен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етті, - деп жазды Ерлан Қошанов.

Бұл Мемлекет басшысының әлеуметтік қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасыларды қолдау жөніндегі бағыт-бағдарын жүзеге асыруға «AMANAT» партиясының қосқан үлесі.

«Баланы мектепке даярлайық!» акциясы бұл бір рет қана өткізілетін іс-шара емес. Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған партияның ауқымды жүйелі жұмысының бір бөлігі. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана 13 мың адам жұмыспен қамтылып, 37 мың отбасына АӘК алуға көмек көрсетілді, 49 мың отбасына біржолғы әлеуметтік көмек төленіп, 146 отбасы баспаналы болды, - деді ол.

Оған қоса, «AMANAT» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында балалардың білім алуына лайықты жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Ол үшін 2022 жылдың соңына дейін 214,5 мың орындық 225 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Ал жаңа оқу жылының басында 37 мың орындық 81 жаңа мектеп ашылуға дайын.

Сонымен қатар үш ауысымды және апатты мектептердің мәселелері барлық деңгейде партияның бақылауында тұр. Республика бойынша жыл сайын 1000 мектептің білім беру жағдайын жақсарту жоспарлануда. «AMANAT» партиясы атынан барша қазақстандықтарды келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, амандық және барлық бастамаларыңызға табыс тілеймін, - деп жазды Қошанов.

Өзгелердің жаңалығы