Баланы емізу сүт безі обырынан сақтайды - дәрігер

30 Тамыз 2023, 14:03
3632
Бөлісу:
Баланы емізу сүт безі обырынан сақтайды - дәрігер
Фото: ҚР ПІБ МО ауруханасының баспасөз қызметі

Сүт безі обыры – әлемде бірінші орын алып тұрған дерт екені белгілі. Қатерлі дерт неден пайда болады? Баланы неше жасқа дейін емізген дұрыс? Силиконды имплант сүт безіне қаншалықты зиян? ЭКҰ жасатудың денсаулыққа әсері қандай? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР ПІБ МО ауруханасының онколог, маммолог дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Назар Сейдалин BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

– Әйел адамның денсаулығы үшін бала емізудің маңызы қандай?

– Әйелдің бала емізуі табиғи дүние. Сүт қайдан келеді? Сүт әйел босанғаннан кейін емшек бездерінде қан арқылы келген қоректік заттардан түзіледі. Алдымен уыз пайда болып, ол бірте-бірте сұйылып сүтке айналады. Емізу әйелдің денсаулығына да, балаға да пайдалы. Балаға пайдасы – сүт арқылы барлық қоректік затты, дәрумендерді және иммундық жасушаларды бойына дарытады. Соның арқасында балада түрлі инфекциядан қорғайтын мықты иммунитет түзіледі. Ал ана үшін емізу сүт безінің онкологиялық ауруларынан сақтандырып, алдын алатын табиғи үрдіс болып саналады.

Баланы емізу сүт безі обырынан сақтайды - дәрігер

– Баланы неше жасқа дейін емізген дұрыс?

– Әдетте 1 жасқа жеткенше баланың табиғи жолмен тамақтанғаны дұрыс. Егер 1,5-2 жасқа дейін емсе де, жаман емес. Бала өз бетімен тамақтана бастағанда ана сүті басты қажеттіліктен ауытқып, бала өзі-ақ сүттен бас тарта бастайды.

– Емізулі ана екіншісіне жүкті болған жағдайда не істеу керек?

– Жүктілік кезінде бірінші баланы емізу ана денсаулығына әсер етуі мүмкін. Себебі ол өзінің барлық ресурсын сүт арқылы балаға береді. Ал жатырдағы баланың өсіп-жетілуі үшін өзінің ағзасында дәрумендер қоры сақталуы керек. Ана денсаулығы үшін бұл ауыр жүктеме болып саналады. Сондықтан емізулі кезінде жоспарсыз жүктіліктен мейлінше сақтанған жөн.

– Ана сүтін еміп өскен бала мен сүт қоспасымен қоректенген баланың денсаулығында айырмашылық бола ма?

– Әрине, себебі ана сүті микрофлораға бай, ол баланың ішек жолдарына түскенде дамып, иммунитет жүйесін қалыптастырады. Сүт қоспаларымен ғана тамақтанған балалардың ағзасы тұмау, суық тию, инфекциялық ауруларды қабылдауға бейім келетіні туралы деректер көп. Тіпті, емізулі ананың да денсаулығы сүттің құнарлы болуына тікелей әсер етеді. Сол себепті ана балаға сапалы қорек беруі үшін өзі де дұрыс тамақтанып, денсаулығына күтім жасауы маңызды.

Баланы емізу сүт безі обырынан сақтайды - дәрігер

– Пластикалық хирургия жолымен кеудені үлкейтетін жағдайда әйелдерге емізуге кедергі жоқ па?

– Силиконды имплант сүт безі тіндерінің артына орналастырылатындықтан емізу процесіне әсер ете қоймайды. Дегенмен, дәрігер ретінде әйелдердің бұл медициналық өнімді қолдануын жақтай бермеймін. Өйткені адам ағзасы өзге бөтен денені қабылдауда тәуекел мен асқынулары болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Тек сүт безіне онкологиялық операция жасатқан жағдайларда ғана имплант қоюға кеңес берер едім. Тіпті экстракорпоралды ұрықтандыруды да құптамаймын. Оның себебі аналық жасушаға жатырды ширықтыратын гормондардың мөлшерін шамадан тыс егеді. Ынталандырылған гормондар сүт безінің тініне теріс әсер етуі мүмкін. ЭКҰ сүт безі обырының дамуына себеп болады деген тікелей дәлел жоқ, бірақ онколог дәрігері ретінде қарсымын деп айта аламын.

– Сүт безі обырына әкелетін себептер қандай және оның қалай алдын алады?

– Бұл – әлем бойынша бірінші орын алып тұрған ауру. Сүт безі обыры гормондық және дисгормондық өзгерістерге байланысты туындайды. Ал гормондық өзгерістің көбі заманауи жағдайда бала босанудан, бала емізуден бас тартудан орын алып жататынын ғалымдар айтып келеді. Бұл табиғи үдеріс болғандықтан, оның орындалуына шек қоймау керек. Сонымен қатар әйелдердің өмір сүру сапасы мен тұрмыс дәстүрі де қатерлі ісіктерге алып келетінін қоса айтуға болады. Мәселен, күйзеліс факторлары, психо-эмоционалды көңілдің күйі де сүт безіндегі гормондардың өзгерісін тудырады. Мәселен, эстроген, прогестерон, пролактин, фолликулды ынталандыратын және лютеиндеуші, қалқанша безінің гормондары сүт безі дамуы мен қызметінде маңызды рөл атқарады. Алдын алудың басты жолы тұрақты тексерістен өтіп тұру керек және денсаулықтағы кемшіліктерді уақытында түзету қажет. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданған әлдеқайда пайдалы. Әр күнді көңілге қуаныш сыйлайтын сәттермен толықтыру керек.

Баланы емізу сүт безі обырынан сақтайды - дәрігер

– Сүт безі обырымен аурытандардың орта жасы неше және статистикалық көрсеткіші қандай?

– Қазақстанда 2020 жылы 4307 адам, 2022 жылы 5000 адам сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан. Яғни соңғы жылы бұл көрсеткіш күрт өскен. Ол дегеніміз, күніне 14 адамда ауру анықталған. Бұрын 60 жастан асқан әйелдерді мазалайтын еді, қазір 30, 25, тіпті, 18 жастағылардан да сүт безі обырын көрдім.

– Бұл ауру емделе ме?

– Сүт безі обыры анықталу кезеңіне қарай емделеді. Ерте кезеңде анықталса, қазіргі гормонмен емдеу, таргетті терапия, химиятерапия сияқты емдеу шараларынан кейін қалыпты өмірге оралу мүмкіндігі бар. Тіпті обырдан жазылып, ана атанып жатқандар да кездеседі. Ал аурудың кейінгі кезеңдерінде емдеу емес, өмірді ұзартуға басымдық беріледі.

Баланы емізу сүт безі обырынан сақтайды - дәрігер

– Сүт безі ісігін қалай анықтауға болады, белгілері қандай және алдын алуда қандай дәрігерлік кеңес бересіз?

– Сүт безі ісігінің бастапқы деңгейінде ауырсыну белгілері байқалмайды, тек жайсыздық сезілуі мүмкін. Сол үшін әр әйел ай сайын етеккірдің 6–12 күнінде өзін-өзі тексеріп отыруы қажет. Яғни айна алдында қолды кезегімен көтеріп, теріні тарту арқылы ісінген тұсының бар-жоғын анықтау керек. Сосын сүт безін кезек-кезек терең батыра, сырғытып-сипап қолмен зерттеуді үйреніп алған жөн. Омырауды күшпен басу арқылы сұйық бөлініс шығарып көруге де болады. Егер сүт безінің қатайғанын, омырау ұшында қандай да өзгерісті, сұйық бөліністі байқасаңыз, міндетті түрде маммолог дәрігерінің кеңесіне жүгіну маңызды. Барлық 40 жастан асқан әйелге тегін өткізілетін скринингтен қалмау қажет. Ғаламтордағы ақпаратпен диагностика жасаймын деп құнды уақытты жоғалтып алмауға кеңес беремін. Маманның кеңесіне ғана жүгініп, денсаулықты қалыпты түрде тексеріп отыруға шақырамын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы