Балаларына вакцина салдырудан бас тартқан ата-ана көп - ДСМ

21 Ақпан 2023, 16:57
1183
Бөлісу:
Балаларына вакцина салдырудан бас тартқан ата-ана көп - ДСМ

Бұл туралы Вакциналатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, соңғы жылдары 6 мыңнан астам ата-ана балаларына вакцина салдырудан бас тартқан. 

Біз жыл сайын мониторинг жүргізіп отырамыз. Өкінішке қарай, соңғы жылдары вакцинациядан бас тартатын азаматтар саны көбейген. 6 мыңнан астам ата-ана балаларына екпе салғызбаған. Осыған байланысты жан-жақты сәйкес жұмыстар жүргізудеміз. Бірінші кезекте, бұл – түсіндіру жұмыстары. Себебі ата-ана вакцинациядан бас тартқан кезде инфекцияның қалай ауыр өтетіндігін, салдары қалай болатынын түсінбейді. Ең алдымен олардың неліктен екпе алуға қарсы екендіктерін анықтаймыз. Барлық факторларды ескере отырып, діни көзқарас тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін теологтарды да тартамыз, - деп атап өтті Нұршай Әзімбаева. 

Сонымен қатар балалардың инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешева екпе алмаған балалар инфекция жұқтырса, аурудың өте қауіпті екенін ескертті. 

Қанша бала қызылша ауруы жаппай тараған кезде індетті жұқтырып, қаншасы көз жұмды. Арасында мүгедек болып қалғандары да көп. Коронавирусты алып қарасақ та, қанша адам вакцина салдырмай, жансақтау бөліміне түсіп, қайтыс болғандары да бар. Ал вакцина алғандар аман қалды. Бұл вакцинадан соң ауырмайсың деген сөз емес. Бірақ ауырған күннің өзінде ол жеңіл өтеді, - деді Динагүл Баешева.  

Өзгелердің жаңалығы