Мәжілісте Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха Ұлытауда асырап алған балаларды құл ретінде пайдаланған "ананың" ісі екі бап бойынша қаралатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілістің кулуарында журналистер ІІМ өкіліне қоғамды шулатқан асыранды балалардың ісіне қатысты сұрақ қойды.
Бұл әйелге қатысты іс екі бап бойынша қаралып жатыр. Бірінші, қорғаншы құқығын асыра пайдалану және екіншісі - азаптау, - деді Лепеха.
ІІМ өкілінің сөзінше, жоғарыда айтылған баптар бойынша өгей ана екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін Ұлытау облысында асыранды балаларды құлдықта ұстаған әйел ұсталып, қамауға алынғанын жаздық.
Қазақстанның балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева Ұлытау өңірінде 5 жыл бойы коммерциялық фермада қанауға ұшырап, "құлдықта" ұсталған, асырап алынған балалардың жан түршігерлік оқиғасы туралы айтқан еді.