Балаларға жыныстық сипаттағы сурет жібергендерге жауапкершілік күшейтілуі мүмкін

18 Қараша 2026, 15:46
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Нұрасыл Ержанов 18 Қараша 2026, 15:46
18 Қараша 2026, 15:46
113
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Нұрасыл Ержанов

«Әділет» партиясының фракциясы балаларға олардың келісімінсіз жыныстық сипаттағы суреттер мен материалдарды жібергені үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Депутат Әсел Баденова бұл мәселені Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдаған сауалында көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек физикалық ортамен шектелмеуі керек. Себебі цифрлық кеңістікте де кәмелетке толмағандарға қауіп төндіретін әрекеттер кездеседі. Соның бірі – киберфлешинг, яғни әлеуметтік желілер мен өзге де цифрлық арналар арқылы адамның келісімінсіз жыныстық сипаттағы суреттер мен материалдарды жіберу.

«Қазақстан балалары – 2026-2030» зерттеуінің деректеріне сәйкес, балалардың 7,1 пайызы жыныстық сипаттағы хабарламалар алса, 7,4 пайызы айына кемінде бір рет осындай бейнелерді көреді.

Әсел Баденова қылмыс белгілері болмаған жағдайда кәмелетке толмаған балаға оның сұрауынсыз жыныстық сипаттағы материалдарды қасақана жіберген адамға қандай жауапкершілік қарастырылғанын сұрады.

Ішкі істер министрлігінің ресми статистикасы бойынша, балаларға қатысты жыл сайын 800-ден астам қылмыс тіркеледі. Ал 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 624 дерек анықталған, - деді депутат.

Сонымен қатар Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, киберфлешинг фактілері бойынша жеке есеп жүргізілмейді. Депутат мұны цифрлық ортадағы қауіптерді тіркеу жүйесіндегі олқылық ретінде бағалайды.

Осыған байланысты «Әділет» партиясының фракциясы Ішкі істер министрлігінен аталған құқықтық мәселе бойынша ресми ұстаным білдіруді және адамның келісімінсіз жыныстық сипаттағы материалдарды жібергені үшін жауапкершілікті күшейту мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

Депутаттың пікірінше, балаларды цифрлық ортада қорғау үшін құқық бұзушылықтың салдарымен күресіп қана қоймай, оның алдын алуға бағытталған нақты тетіктер қажет.

Наверх