Балаларға арналған тегін спорт үйірмелерінің біразы мемлекет есебінен қаржыландырылмайтын болды

3 Наурыз 2022, 17:13
3894
Бөлісу:
Балаларға арналған тегін спорт үйірмелерінің біразы мемлекет есебінен қаржыландырылмайтын болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы қаражат тапшылығына байланысты балаларға арналған тегін спорт үйірмелерін ұстап тұра алмайтындарын мәлімдеді.

Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылған балалар спорты мен шығармашылығын дамыту жөніндегі жобалар шеңберінде Алматы облысында 2021 жылдың маусым айынан бастап шығармашылық және спорттық үйірмелерге 2 млрд 540 млн теңге бағытталған. Оған қоса операторлық қызметтерді орындауға жергілікті бюджет есебінен 8 штаттық бірлік бөлінді. 

Соның нәтижесінде көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың үйірмелерге тегін қатысуына мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ індет салдарынан бизнесі тұралаған кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілді. 95 мыңнан астам бала қамтылып, 4 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылыпты.Бағдарлама аясында жеке кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауымен спорт үйірмелерін ашып, балаларды тегін спорт үйірмелерімен қамтып отыр. Алайда, бұл спорт үйірмелеріне сұраныстың артуына байланысты облыс олардың барлығын жыл соңына дейін қаржыландыра алмайды.

Алматы облысында жан басына қаржыландыру бойынша спорт үйірмесін ашқан 159 жеке кәсіпкер 40 мыңға жуық баланы 20 спорт түрімен қамтамасыз етіп отыр. 2022 жылға спорт саласына жан басына шаққан қаржыландыру бойынша 2,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат 16 мың баланы жыл соңына дейін спорт үйірмесімен қамтуға жоспарланған. Наурыз айындағы жағдай бойынша тағы 41 мың баладан сұраныс түсіп отыр. Қазір жеке кәсіпкерлер спорт залдар салып немесе үлкен ғимараттарды спорт залына айналдырып, жұмыс істеп жатыр. Қолдағы қаражат тек төрт айға жетеді, сондықтан алдағы уақытта қаржыландыру тоқтайды,-деді Н. Теңізбаев.

Бұл спорт үйірмелерін жыл соңына дейін қаржыландыру үшін 14,5 млрд теңге қажет екен. Ал, жергілікті бюджетте ондай қаржы жоқ. Осыған байланысты осы жылдың 14 ақпанында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің келісімімен ваучер беру уақытша тоқтаған, ал 2022 жылдың 1 наурызынан бастап өңірде шығармашылық үйірмелерді ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатын кәсіпкерлерге бюджет қаржысының болмауына байланысты қаржыландыру тоқтатылғанны туралы хабарлама жіберіліпті. 

Бұл мәселені шешу үшін Президент Әкімшілігінің, тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар басшыларының және жұртшылықтың қатысуымен жедел жиын өткен. Жиында балалар спорты мен шығармашылығын қаржыландыру тетіктерін енгізу ережелерін жетілдіру туралы өзекті мәселе талқыланған. Бұл саланы жергілікті бюджеттен қаржыландырудың қиындығына байланысты республикалық бюджеттен қолдау қажет.

Алайда, Басқарма басшысы бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан спорт үйірмелері жабылмайтынын айтты.

Әр ауданда қосымша спорт мектептері жұмыс істеп тұр. Оған қоса бұқаралық спорт орталықтары ашылды. Ұлттық спорт түрінен көптеген үйірмелер ашылған, сондықтан жасөспірімдер сол жерден спортпен шұғылдана алады. Өңірдегі 17 ауданда, 3 қала  мен облыс орталығында 45 спорт мектебі бар. Оның төртеуі ұлттық спорт түрінен, біреуі мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ олимпиадалық және жекпе-жек, ойын спорт түрлері бойынша спорт мектептері бар,-деді Н. Теңізбаев.
 

Өзгелердің жаңалығы