БҒМ "Сұңқар" лагеріндегі балалардың зорлық-зомбылығына қатысты түсініктеме берді

17 Тамыз 2019, 14:04
2829
Бөлісу:
БҒМ "Сұңқар" лагеріндегі балалардың зорлық-зомбылығына қатысты түсініктеме берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан балаға қарсы қолданған кез келген күштік іс-әрекет қатаң жазалану қажет екенін айтты.

«Соңғы күндері әлеуметтік желіде Түркістан облысы, Төлеби ауданында орналасқан «Сұңқар» Жеке меншік демалыс орнындағы оқиға көпшілікті мазалап жатқанын байқап отырмыз. Біріншіден, бірден айтайын балаға қарсы қолданған кез келген күштік іс-әрекет қатаң жазалану қажет. 
Екіншіден, жергілікті атқарушы органның мәліметіне қарасақ, аталған мекеме облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қорытындысын да алмаған. Үшіншіден, облыстық білім басқармасының лагерлер тізбесіне енбеген, білім саласына қарасты мекеме емес, жекеменшік демалыс үйіне жатады. Төртіншіден, «Сұңқар» демалыс орны мемлекеттік конкурсқа қатысып, ағымдағы жылдың жаз айларында Түлкібас ауданының 800-ден астам оқушыларын, Шардара ауданының 50 баласын сауықтыруда. Құжаттары болмаса ол қалай конкурс ұтып алғаны зерттелетін болады», - деп жазды министрдің кеңесшісі Facebook-тегі парақшасында. 

Ерболат Мұхамеджанның сөзінше, қазіргі таңда тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 

«Орын алған оқиға бойынша, бірнеше заңсыз әрекеттер байқалды. Құзыретті органдар аталған оқиға бойынша өз құзыреті шеңберінде тексеріс жұмыстарын бастап, жағдайды жеке бақылауында ұстайды. Нәтижелері бойынша алдағы уақытта хабарланатын болады», - деп атап өтті Мұхамеджан.


Өзгелердің жаңалығы