Балалардың SIM-картасына қатысты өзгеріс енгізілуі мүмкін: Министрлік жаңа шектеулерді түсіндірді

18 Қараша 2026, 11:03
АВТОР
 chicago.suntimes.com 18 Қараша 2026, 11:03
18 Қараша 2026, 11:03
100
Фото: chicago.suntimes.com

Қазақстанда балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналарға баласының телефон нөмірін арнайы белгілеу мүмкіндігі берілуі мүмкін. Бұл жағдайда байланыс операторлары құрылғыны баланың пайдаланып жүргенін анықтап, интернет-трафикті шектеу және тыйым салынған контентті сүзгілеу тетіктерін қолдана алады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин Құрылтай отырысында депутаттың сауалына жауап берді, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі.

Құрылтай депутаты Илья Терещенко әлеуметтік желілерде 16 жасқа дейінгі балаларды тіркеуге тыйым салу бастамасы ата-аналардың бақылау құралдарымен қатар жүруі керектігін айтты.

Оның сөзінше, қазір балалар пайдаланатын SIM-карталар көбіне ересектердің атына рәсімделеді. Сондықтан байланыс операторлары да, онлайн-платформалар да құрылғының ар жағында бала отырғанын анықтай алмайды.

Әлеуметтік желілерге 16 жасқа дейін тыйым салу ата-аналардың оны бақылауға арналған нақты құралдары болған жағдайда ғана тиімді жұмыс істейді. Бүгінде балалардың нөмірлері ересектердің атына тіркелген. Сондықтан операторлар да, платформалар да экранның ар жағында баланың отырғанын көрмейді, – деді депутат.

Осыған байланысты ол балаларға арналған SIM-карталарды енгізу мәселесін көтерді. Депутаттың пікірінше, мұндай механизм отбасылар үшін қарапайым әрі тегін болуы керек. Балалар SIM-картасын тіркеген кезде интернетті сүзгілеу, ата-ана бақылауы және баланың жасын жеке деректерін ашпай растау функциялары автоматты түрде қосылуы мүмкін.

Сондай-ақ Илья Терещенко Apple мен Google компанияларының смартфондардағы ата-ана бақылауы құралдары негізінен 13 жасқа дейінгі балаларға арналғанын атап өтті. Ал Қазақстанда ұсынылып отырған шектеу 16 жасқа дейінгі балаларды қамтиды.

Заңымыз бен нақты гаджеттердің мүмкіндіктері арасында алшақтық болмас үшін осы компаниялармен тікелей келіссөз жүргізу қажет. Осыған байланысты екі сұрағым бар. Біріншісі – балаларға арналған SIM-карталарды енгізу бойынша байланыс операторларымен қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Екіншісі – тыйым күшіне енгенге дейін министрлік Apple және Google компанияларымен Қазақстанға арналған баптаулар бойынша келіссөз жүргізіп жатыр ма? – деп сұрады депутат.

Министрлік қандай тетіктерді қарастырып жатыр?

Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бір ғана шектеу жеткіліксіз. Министрлік халықаралық тәжірибені, соның ішінде Түркия, Аустралия және Қытай елдеріндегі тәсілдерді зерделеп жатыр.

Халықаралық тәжірибені талдау көрсеткендей, бір ғана тетікті қолдану арқылы 100 пайыз нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмаған. Сондықтан қазір біз кешенді шаралар жиынтығын әзірлеп жатырмыз, – деді вице-министр.

Оның сөзінше, бірінші бағыт – пайдаланушының жеке деректерін ашпай, жасын растауға мүмкіндік беретін цифрлық тетік. Бұл жүйе арқылы онлайн-платформа арнайы сервиске сұрау жіберіп, пайдаланушының 16 жасқа толған-толмағаны туралы ақпарат ала алады.

Екінші бағыт – балалар пайдаланатын SIM-карталарды анықтау. Вице-министрдің айтуынша, ата-аналар нөмірлерді өз атына тіркеп, кейін балаларына беретін жағдайлар бар. Сондықтан министрлік ата-аналарға eGov сервисі арқылы белгілі бір нөмірді баласына бергенін өз бетінше көрсету мүмкіндігін ұсынуды қарастырып жатыр.

Ата-ана eGov сервисінде осы нөмірді баласына бергенін өзі көрсете алады. Сонда байланыс операторлары нөмірдің баланың құрылғысында пайдаланылып жүргенін біліп, интернет-трафикті шектеу, тыйым салынған контентті сүзгілеу және басқа да шараларды қолдана алады, – деді Ростислав Коняшкин.

Сонымен қатар министрлік VPN арқылы интернет-трафикті сүзгілеуді айналып өту мүмкіндігін де ескеріп отыр. Осыған байланысты телефон құрылғысын балаларға арналған құрылғы ретінде белгілеу тетігі пысықталуда.

Вице-министр қоғамдық орындардағы, әсіресе білім беру ұйымдарындағы Wi-Fi желілеріне қосылған кезде де сүзгілеу жүйесінің жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті. Яғни бала телефон арқылы қоғамдық Wi-Fi желісіне қосылған жағдайда да интернет-трафикті сүзгілеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Министрлік бұл тетіктерді пайдаланушылардың жеке деректерін ашпай, барынша тиімді жұмыс істейтіндей етіп әзірлеуде. Вице-министрдің мәлімдеуінше, техникалық жұмыстар заң нормалары қабылданып, күшіне енгенге дейін аяқталуы тиіс.

Наверх