Қысқы каникул кезінде балалармен қалай уақыт өткізу керек? ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы «Қарлығаш» балабақшасының әдіскері Тазагүл Шаштавлетова ата-аналарға біршама кеңестер ұсынады, деп хабарлайды BAQ.KZ. тілшісі.
Баланы қалай киіндіру керек?
Қысқы серуендеуге ата-аналарды әрдайым бір сұрақ мазалайды. Тонып қалмау үшін, қызып кетпес үшін баланы қалай киіндіруге болады? Баланы орап, қымтаудың қажеті жоқ. Қызып кету, салқындаудан да жаман. Сондай-ақ бала киімі қозғалысқа ыңғайлы, жеңіл, жылы болу керек.
Шанамен сырғанауда неге мән беру керек?
Баланы шанаға отырғызбас бұрын ақау бар-жоғын тексеріңіз. Сырғанақ тепкенде тәртіппен жүйелікті сақтау керектігін алдын-ала түсіндірініз. Шанаға мінер алдында аймақты мұқият зерттеп алып, содан соң ғана баланы отырғызыңыз.
Баланың шанада ішпен жатуына жол бермеу керек. Ол тістерін, бастарын зақымдауы мүмкін. Сондай-ақ шанада тұрып сырғанауға болимайды. Шананы бір-біріне байлау қауіпті.
Есік алдындағы ойындар
Балаларға жолда ойнауға рұқсат бермеңіз. Үйлердің астындағы қар үйінділерінде жатып ойнауға болмайтынын түсіндіріңіз. Қар үйіндісінен секіруге жол бермеңіз. Себебі жаңа жауған қар астында не жатқаны белгісіз. Онда сынған бөтелке, тас немесе сым жатуы мүмкін. Сондықтан балаларыңыз ауызға мұз, қар салмауын айтыңыз.
Абайлаңыз, көктайғақ!
Әрбір ата-ана мұзды тратуарларда балаларына кішкентай қадамдармен жүру керектігін айту керек. Тіпті қадам басқанда аяқты бүкіл табанға басу керек. Мүмкіндік болса, ондай мұзды жерлерді айналып өткен жөн. Қыста көлік жылдам тоқтай алмайды, сол себепті жолдан өткенде сақтанған жөн.Аязды күндері балалармен серуендеуді азайтыңыз. Қатты аязда балаңыз бір жерлерін үсіріп алуы мүмкін.
Конькимен сырғанау үшін не істеу керек?
Коньки тебу үшін арнайы жабдықталған алаңды таңданыз. Балаңыздың қауіпсіздік қорғаныш құралдарын таққандарын тексеріңіз. Сондай-ақ коньки тебу үшін басқа адамдар аз уақытты таңдау керек.
Ата-ана баламен уақытты қалай өткізу керек?
Кез келген бала үшін ата-анадан асқан ұстаз жоқ. Сол себепті білетінініздің бәрін осы бастан балаңызға үйретіңіз. Бірге көп уақыт өткізіңіз. Себебі сіздің мейіріміңізден, сіздің қолдауыңыздан асқан сенімділік жоқ. Бос уақытынызда ертегі, кітап оқыңыз. Бірге мультсериалдар көріңіздер және оны талқылаңыздар.