Балалардың дамуындағы бұзушылықтарды уақтылы анықтайтын ерте араласу жүйесі жұмыс істейді

19 Қыркүйек 2024, 17:42
296
Бөлісу:
Балалардың дамуындағы бұзушылықтарды уақтылы анықтайтын ерте араласу жүйесі жұмыс істейді
Фото: Адиль Садыков

Алматыда балалардың дамуындағы бұзушылықтарды уақтылы анықтауға бағытталған ерте араласу жүйесі жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматыда «Мүмкіндіктер уақыты – болашағы бар бала» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстаннан және 7 елден келген жетекші сарапшылар ерекше қажеттіліктері бар балаларға ерте көмек көрсетуге қатысты маңызды мәселелерді және Қазақстанда ерте араласу жүйесін дамыту келешегін талқылады.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бірегей ерте араласу орталығы құрылды. Орталық жыл сайын 1 000 баланы қамтуды жоспарлап отыр.

Балалардың дамуындағы бұзушылықтарды уақтылы анықтайтын ерте араласу жүйесі жұмыс істейді

Бүгінгі таңда Алматы қаласында ерекше қажеттілікке ие 18 жасқа дейінгі 9 526 бала бар. Ал 3 жасқа дейінгі ерекше қажеттіліктері бар балалар қатары 800-ге жуық. 2024 жылдың басынан бастап ұрықты қорғау орталығының ерте араласу жүйесі аясында «Бір күндік клиника» жобасын іске асыра отырып, туа біткен даму ақауларының 918 жағдайы анықталды. Осылайша даму ақауларын ерте анықтау қамтамасыз етілді, бұл нәресте өлімінің төмендеуіне әкелді. Педагогикалық түзету органдары 2024 жылдың өткен кезеңінде 1683 балаға көмек көрсетті. 2024 жылдың өткен кезеңінде ерекше қажеттіліктері бар 1000 бала мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды.

Балалардың дамуындағы бұзушылықтарды уақтылы анықтайтын ерте араласу жүйесі жұмыс істейді

Алматы қаласында енгізіліп жатқан ерте араласу жүйесі өмірдің ең ерте кезеңдерінде балалардың дамуындағы бұзушылықтарды анықтауға және кешенді көмек көрсетуге бағытталған. Бұл балалар арасындағы мүгедектік деңгейін төмендетіп қана қоймай, балалар мен олардың отбасыларының өмір сүру сапасын едәуір жақсартады. Қаламызда балаларды оңалтумен айналысатын бірнеше ұйым болғанымен, олардың жұмысын үйлестіретін бір орталық болған жоқ. Бұл кешенді жүйелік жұмысты қажет етеді. Балалардың науқастылығын ерте анықтап, олардың оңалуы үшін ата-анасына дұрыс бағдар беру керек. Ата-ана кейде, өкінішке қарай, мектепке даярлау кезінде ғана көмекке жүгініп жатады. Ал ерте араласу орталығындағы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау мамандары бірлесе балаға қажет бағдарламаны дайындайды. Ата-ана орталықта кешенді қолдау алып, балаға қандай көмек қажет екенін біледі, – деді Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Ерте араласу орталығы физикалық, когнитивті және эмоционалдық дамудың негізгі дағдылары мен негіздері қалыптасатын маңызды кезеңді – туғаннан үш жасқа дейін қамтитын жүйені құруға мүмкіндік берді.

Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов қаланың әрбір ауданында ерте араласу қызметтері құрылып жатқанын атап өтті.

Республикадағы алғашқы ерте араласу орталығының басты мақсаты – қаламыздағы балалардың науқастылығын ерте анықтап, оларға тиісті ем-шараларды қабылдау. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау жүйелері бірігіп жұмыс істейді. Қазіргі таңда орталық мамандарының біліктілігін анықтап, оқыту мәселелері қарастырылып жатыр. Сондай-ақ әр ауданда ашылатын қосымша қызметтерде жеті маман отырады. Орталық жыл аяғына қарай балаларды қабылдайды. Бала туғаннан бастап үш жасқа дейін оның дамуын қадағалап, медициналық және оңалту қызметтерін көрсету қажет. Алматы қаласының даму картасы бойынша 2030 жылға дейін мүмкіндігі шектеулі балалардың санын он пайызға түсіру жоспарымызда бар, – деді Бауыржан Жаубасов.

1992 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Санкт-Петербург ерте араласу институтының директоры Лариса Самарина неліктен балаға үш жасқа дейін қажет дағдыларды үйрету маңызды екенін атап өтті.

Балалардың дамуындағы бұзушылықтарды уақтылы анықтайтын ерте араласу жүйесі жұмыс істейді

Балаға бірнеше жылдан кейін адамдармен араласуына, жұмыс табуына, өзі өмір сүруіне көмектесетін дағдыларды үйрететін бағдарлама жасап жатырмыз. Біз балаға басқалармен байланыс жасайтын қабілеттерді үйренуге көмектесеміз. Олар өзгенің көмгінсіз өмір сүріп, жұмыс таба алады. Ерте араласудың медицинадан айырмасы бар. Медицина мақсаты емдеу болса, ал ерте араласудың мақсаты – баланың күнделікті өміріне қажет дағдыларды үйренуіне көмектесу. Балалар өскенде үйден шықпай қоғамнан тыс қалып қоймауы үшін кішкентайынан қоғамға араласуы керек. Олар балабақшаға, мектепке барып, одан кейін университетке түсіп, жұмыс тауып, достар тауып, өз өмірін сүре алуы керек. Кейде ата-ана баласымен үйде отырады, арасында оңалтуға барып тұрады. Алайда бала үшін бұл жеткіліксіз. Бала қоғам өміріне араласуы керек. Ерте араласса балаға да, ата-анаға да жақсы. Себебі бала туған кезде миллион жүйке жасушасы миы қалыптасады. Осы жасушылар бала күнделікті жинаған тәжірибесі арқылы бірігеді. Сондықтан алғашқы үш жылда балаға көп дағдыны үйрете аламыз. Ал баланың өсуін күтсек онда біз баланы көп мүмкіндіктен қағамыз, – деді Лариса Самарина.

Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін ведомстволық өзара іс-қимыл жөніндегі Алматы әкімдігінің комиссиясы құрылады.

Іс-шара соңында Қазақстанда ерте араласу жүйесін одан әрі дамыту және жетілдіру бойынша ұсыныстар мен Ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмір сүру сапасын жақсарту және олардың отбасыларын қолдау бойынша одан әрі қадамдар жасауға негіз болатын қарар әзірленді.

Өзгелердің жаңалығы