Португалия парламенті 16 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге кіруін шектеуді енгізу бағытында алғашқы қадам жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі БЕЛТА-ға сілтеме жасап.
Депутаттар билік басындағы Социал-демократиялық партия ұсынған заң жобасын мақұлдады. Бұл бастама әлеуметтік желілерді өз бетінше пайдаланудың төменгі жасын 13-тен 16-ға дейін көтеруді көздейді. Бұл жастан кіші балалар үшін ата-анасының келісімі талап етіледі. Енді бұл идея ықтимал өзгерістер енгізу үшін парламенттік комиссияда талқыланады.
Содан кейін құжат соңғы дауыс беру үшін палатаның пленарлық отырысына қайта қайтарылады.
Бастама аясында заңды сақтамаған әлеуметтік желі иелеріне (компанияларға) 2 миллион еуроға дейін айыппұл салу ұсынылуда. Ал жеке тұлғалар үшін айыппұл көлемі 10 мыңнан 250 мың еуроға дейін жетуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Испания 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салатынын хабарладық.
Сондай-ақ, Түркия да балаларға желіге кіруге тыйым салды.