Балалардың 32%-ы алғашқы телефондарын 6 жасқа толмай алады

12 Сәуір 2023, 18:54
1289
Бөлісу:
Балалардың 32%-ы алғашқы телефондарын 6 жасқа толмай алады
Фото: автордан

Алматы қаласында балалардың интернеттегі пайдалануы мен қауіпсіздік шаралары жайлы конференциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ. тілшісі.

Іс-шара аясында көпшілікке «Kaspersky» компаниясы жүргізген сауалнаманың нәтижесі ұсынылды. Оған сәйкес ата-аналардың 32%-ы балаларына алғаш рет смартфонды 4-6 жас аралығында алып береді екен. Ал 24%-ы телефонды балалар қолына 2-3 жаста ұстатанын айтқан. Бұл мектеп жасына дейінгі балалардың интернетке деген қызығушылығын артып, бүлдіршіндердің виртуалды әлемге белсенді араласуына ықпал етеді.

Балалардың кішкентай кезінен бастап, гаджеттерді пайдаланып, оның қыр-сырымен таныс болғанында тұрған ештеңе жоқ. Керісінше жаңа технологияларды игеріп, жаңаша білім алуына ықпал етеді. Біздің зерттеуімізге сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 81%-ы смартфонды 7 жасқа дейінгі балалардың білімін дамыту үшін пайдаланады, – дейді «Кaspersky»-дің онлайн-балалар қауіпсіздігі жобасының жетекшісі Андрей Сиденко.

Сондай-ақ ол сауалнама нәтижесінде үйдегі ұрыс-керістің туындауына балалардың гаджетте отыруы әсер ететінін атап өтті.

Мәселен, қазақ отбасыларының 66%-ында баланың интернетте ұзақ отырғанынан дау-дамай туындайды. Балалардың 42%-ы интернет ойындармен өз уақытын өткізсе, 20%-ы әлеуметтік желілердегі контентке уақытын арнайды. Ал ата-аналардың 11%-ы балаларының әлеуметтік желіде кіммен сөйлесетініне алаңдайды, – деп бөлісті Андрей Сиденко.

Жиын барысында балалардың интернетті қолдану туралы өзге де деректер айтылды. Балақайлардың 56%-ы күнделікті уақытының кемінде 4 сағатын әлеуметтік желіде өткізсе, 23%-ы барлық уақытын арнайды. Бұл ретте ата-аналардың 80%-ы баласының интернеттегі әрекеттерін бақылайтынын, ал 65%-ы оның желіде отырғанын уақыт бойынша шектейтінін айтты.

Іс-шараның екінші бөлімінде шақырылған сарапшылармен пікірталаста балаларға цифрлық сауаттылық ережелерін үйретудің неліктен маңызды екенін атап өтті. 
Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі 52%-ы баласының әлеуметтік желідегі парақшасының бар екенін біледі. Балалардың 70%-ында TikTok, 62%-ында YouTube, 27%–ында ВКонтакте аккаунттары бар. Ата-аналардың айтуынша, балалардың өздері жеке фотосуреттерді ашық түрде өздері орналастырады және олардың 59%-ы хоббиі мен қызығушылықтарын салады.

Мамандардың пікірінше, балалардың әлеуметтік желідегі парақшаларына кіріп, белсенділігін тексеру қажет. Тіпті, құпия сөздерінде біліп баласының кімдермен сөйлесіп жүргенінен хабардар болған жөн. Осылайша соңғы кезде белең ала бастаған кибербуллингтің, суцидтің алдын алуға мүмкіндік болатынын атап өтті.

Балалардың не істеп жатқанына — ойнауына, оқуына немесе достарымен қарым-қатынасына қарамастан онлайн режимінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін компания Kaspersky Safe Kids шешімін әзірледі. Оның көмегімен ата-аналар баланың интернетте қанша уақыт болғанын біле алады, сонымен қатар оны қажетсіз контенттен қорғайды. Сондай-ақ өнім геолокация функциясының арқасында баланың қазіргі орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік береді, бұл бала мектептен үйге жалғыз оралатын болса, ыңғайлы болып табылады. Жақын арада компания өнімді жаңартуды жоспарлап отыр, — деді «Kaspersky»-дің Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы басқарушы директоры Валерий Зубанов.

Сондай-ақ, сауалнама нәтижесінде балалардың онлайн карталар арқылы ата-аналарын шығынға батыратындығы айқындалған. Мәселен, шығындар туралы сөз болғанда, ата-аналардың 47%-ы 4000-нан 16000 теңгеге дейін шығынға ұшырағанын хабарлады. Ал ересектердің 27%-ы балалары үшін 4000 теңгенің аралығында қарыз болған. Сауалнама нәтижесінде ата-аналардың 1%-ы 400 000 теңге ақшалай шығынға ұшырағаны белгілі болды. Мұндай жағдайлар балалардың қосымшаларға жазылуы не кіруі кезінде орын алғанын атап өткен. Үлкен шығындардың орын алуы балалардың алаяқтарға тап болуынан, фишингтік сайтқа кіруіне байланысты болған.

Әрбір ата-ана баласына гаджет сыйламас бұрын, түрлі қосымшаларды орнатар алдында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Интернетте ақылы қызметтердің де болатынын, сатып алмас бұрын кеңесу керектігін ұғындырғаныңыз абзал. Жалпы, ата-аналар балаларының сан соғып қалмауы үшін ұсыныстарға мән бермей, күдікті сілтемелерді баспауды, дербес және банктік деректерді телефонға енгізуге болмайтынын ескерткен жөн,– дейді «Kaspersky»-дің балалар онлайн-қауіпсіздігі жобасының жетекшісі Андрей Сиденко.

Өзгелердің жаңалығы