Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Соңғы бес жылда Жамбыл облысының туристік әлеуетін арттыру бағытында біршама жұмыс атқарылды.
Мәселен, 2014 жылы басталған "Ежелгі Тараз" қалашығына жүргізілген ғылыми зерттеу, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде бүгінгі күні ашық аспан асты мұражайы – "Көне Тараз" тарихи-мәдени кешені пайдалануға беріліп отыр.
Бұл жайында жергілікті әкімдіктің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев айтып берді.
"Ежелгі Тараз" қалашығының аумағында 2011-2017 жылдары жасалған археологиялық бағыттағы қазба жұмыстары нәтижесінде көне қаланың цитаделі мен шахристан аумақтарынан ортағасырлық монша, медреселер, көшелер мен тұрғын үйлердің орындары, қақпалар мен дуалдар ашылып, көпшілікке таныстырылды. Қазбадан қыштан жасалған су құбырлары, мыс-қола теңгелер, зергерлік әшекейлер, шыны мен сүйектен жасалған бұйымдар көптеп табылып, ашық аспан астындағы музей жасақталды. "Тектұрмас" тарихи-этно кешені, Ақыртас сарай кешені, Тамды (Талас ауданы), Бектөбе (Жамбыл ауданы), Саудакент (Сарысу ауданы), Құлан (Т.Рысқұлов ауданы), Баласағұн (Шу ауданы), Георгиевскі (Қордай ауданы) қала жұрттарына археологиялық ғылыми-реставрациялық жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан асты музейіне айналдырылды. Сонымен қатар, К.Скрябин үй-мұражайы, "Ерте ислам" мешіті және қосалқы салынған "Төрткүл" керуен сарайы қайта қалпына келтіріліп, туристер мен қала қонақтарының келуіне жол ашты, - деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, көп жылғы жүргізілген арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Тараз қаласы мен барлық аудандардың 10 томдық "Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы" жарық көрген. Нәтижесінде облыс көлемінде орналасқан тарихи-мәдени нысандардың көрсеткіші 1 090-нан 3 441-ге артыпты.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің саны 3 441-ді құрайды. Оның ішінде 2500 ескерткіш республикалық дәрежеде болса, 700-ден астамы жергілікті дәрежеде. Ал 5-і ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне алынып, халықаралық дәрежедегі ескерткіштер мәртебесіне ие болған. Қалған 2700 тарихи-мәдени ескерткіштер алдын-ала есепке алынды. Әлгі Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіліміне енгізілген ескерткіштер қатарында Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас сарай кешені бар, - деді Д.Бықыбаев.
Дүйсенәлі Дыбысалыұлының айтуынша, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы шеңберінде еліміздің киелі жерлері картасының тізіліміне Жамбыл облысынан 8 тарих және мәдениет ескерткіші еніп отыр. Ал жергілікті мәндегі өңірлік қасиетті орындардың картасына 27 ескерткіш іріктеліп, "Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары" мен "Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары" кітаптарына кірген.
Атқарылған жұмыстарды жалғастыру мақсатында "Әулиеатаның киелі жерлерінің картасын" дайындау жобасы жүзеге асырылыпты. Жоба барысында еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары, жергілікті ЖОО ғалымдарынан – тарихшы, археолог, этнограф, географ, өлкетанушылардан тұратын сарапшылар кеңесі мен жұмысшы тобы құрылып, облыс көлемінде ғылыми экспедиция өткізген. Экспедиция құрамы тарихи-мәдени ескерткіштерге, оның ішінде халық арасында кеңінен танымал киелі орындарға жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, киелі деп танылған ескерткіштің фотосуреттері, аэрофотолары, аңыз әңгімелері жинақталып, цифрлы нұсқасы әзірленді.
Киелі орындар туралы ақпарат алуды ыңғайлы ету үшін "Қасиетті Тараз" (qasietti-taraz.kz) арнайы сайты жасалды. Сайтта өңірдегі қасиетті деп танылған 53 тарихи-мәдени нысанның суреттері мен аңыз әңгімелері, видеороликтері орналастырылған. Бүгінгі таңда жобалар аясында жасалған видеороликтер, аңыз әңгімелер, суреттер галереясы әлеуметтік желілерде тұрақты жарияланып отырады. Сонымен қатар, Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген 53 тарихи-мәдени нысанның аңыз әңгімелері мен суреттері жарияланған "Әулиеатаның киелі орындары" картасы мен жинақ кітабы үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде баспадан шығарылды, - Дүйсенәлі Бықыбаев.Басқарма басшысы биылғы ақпан айында Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп "Қасиетті Қазақстан" өлкетануды дамыту ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" атты республикалық семинар өткенін де айтты. Шара барысында "Қасиетті Қазақстан" энциклопедиясының Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарына бағытталған 3 томдық кітап таныстырылған.
Жинаққа облыс көлеміндегі 82 тарихи-мәдени нысан енгізіліп, 250 дана кітап өңірдегі барлық кітапханаларға таратылды. Сонымен Жамбыл облысындағы туристік нысандарға QR код орналастырылған. "ТаразТур" мобильдік қосымшасы арқылы аймақтағы бүкіл тарихи-мәдени нысандарға қатысты ақпараттар алуға болады, - деген Дүйсенәлі Дыбысалыұлы саланың дамуына қатысты ұсыныстарын да жеткізді.
Оның пайымынша, алдағы уақытта өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін "Ежелгі Тараз" қалашығы мен Тараз қаласының "Алтын сақинасының" белдеуінде орналасқан әртүрлі тарихи кезеңге жататын тарихи-мәдени ескерткіштерге археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қайта қалпына келтіру арқылы ашық аспан асты музейіне айналдыру қажет. Осы мақсатта "Ежелгі Тараз" қалашығының цитаделі мен орталық қамалды толық ашып көрсету, Талас өзенінің бір бөлігі мен Тараз қаласының шығыс бөлігі болып табылатын өзен арнасының табаны мен жағалау жолына және қалашықтың шығыс қақпасының орнына қазба жұмыстарын жүргізіп, қайта қалпына келтіру шараларын ұйымдастыру жоспарланған екен.
Бүгінгі таңда өскелең ұрпақты археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарына баулу мақсатында "Ежелгі Тараз" қалашығынан балаларға арналған археологиялық алаңқай ашу мәселесі қарастырылуда. Бұл жоба Қарахан мен Дәуітбек кесенелерінің, алтын бейнелі сақ жауынгері табылған "Жеті төбе" ерте темір обаларының, тастағы тарихымыз саналатын "Қарасай және Қамыстыбұлақ" петроглифтерінің, 751 жылғы Атлах шайқасымен байланысы бар "Бесағаш" археологиялық ескерткіштерінің және Ұлы Жібек жолы бойы "Бектөбе" ортағасырлық қалашығының маңында жүзеге асады, - деді басқарма жасшысы.