Балаларды қараусыз қалдырмаңыз: ТЖД қауіпсіздік ережелерін еске салды

ТЖД мамандары ең алдымен терезе маңындағы қауіпсіздікке ерекше мән беруді ұсынады.

 depositphotos.com 22 Шілде 2026, 07:48
22 Шілде 2026, 07:48
97
Фото: depositphotos.com

Жазғы демалыс кезінде балалардың үйде, аулада және су айдындарының маңында көбірек уақыт өткізуіне байланысты түрлі төтенше жағдайлардың қаупі артады. Осыған байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмай, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

ТЖД мамандары ең алдымен терезе маңындағы қауіпсіздікке ерекше мән беруді ұсынады. Ата-аналарға москит торларына сенбеу керектігі ескертіледі, өйткені олар баланың салмағын көтеруге арналмаған. Сондай-ақ терезелерге арнайы балалар құлыптарын немесе шектеуіштерін орнату, жиһазды терезеге жақын қоймау және кішкентай балаларды терезесі не балконы ашық бөлмеде қараусыз қалдырмау қажет.

Ведомствоның мәліметінше, Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті аудан әкімдіктерімен бірлесіп, көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне терезе шектеуіштерін тегін орнату акцияларын тұрақты түрде өткізіп келеді.

Мамандар судағы қауіпсіздік талаптарын сақтаудың да маңыздылығын атап өтті. Балаларды су айдындарының жағасында жалғыз қалдырмау, арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылмау және тек арнайы жабдықталған жағажайларда демалу ұсынылады. Сонымен қатар балалар үнемі ересектердің бақылауында болуы тиіс.

Төтенше жағдайлар департаменті қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау жазатайым оқиғалардың алдын алып, балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік беретінін еске салды.

Наверх