Сырқаттанған баланы ауруханаға жатқызарда нені ескеру керек

30 Қараша 2021, 11:20
1954
Бөлісу:
Сырқаттанған баланы ауруханаға жатқызарда нені ескеру керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл сайын Қазақстанның медициналық ұйымдарына 500 мыңнан астам бала емдеуге жатқызылады. 

Балаларды ауруханаға жатқызу шұғыл, сонымен қатар жоспарлы әрі тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Уақытылы медициналық көмек көрсетілмеген кезде баланың өміріне қауіп төндіретін жағдайлар шұғыл болып саналады.

Мысалы, жедел іріңді аурулар, жарақаттар, ауыр өтетін ішек инфекциялары, іштің қатты ауыруы, улану, күйік және т.б. Мұндай жағдайларда баланы ауруханаға жедел жәрдем бригадасы немесе ата-анасы өзі жеткізеді. Жоспарлы емдеуге жатқызу балаға стационар жағдайында емдеу курсын жүргізу қажет болғанда немесе жоспарлы операция жасалатын уақытта жүзеге асырылады.

10 айда 592 400 қазақстандық бала тәулік бойы стационар жағдайында 270 млрд теңгеден астам сомаға ем қабылдады. Балаларды ауруханаға жатқызудың негізгі себептері жұқпалы аурулар, тыныс алу органдарының аурулары, өмірінің бірінші айында пайда болатын жіті жағдайлар, туа біткен аурулар және жедел хирургиялық патология болды.

Стационарлық көмек көрсету ережелеріне сәйкес, ата-анасының біреуі немесе жақын туыстарының бірі (әжесі/атасы, кәмелетке толған ағасы/әпкесі) нотариалды куәландырылған сенімхатпен ауруханада 5 жасқа дейінгі баланы ертіп жүре алады.

Гематологиялық онкологиямен ауыратын 18 жасқа дейінгі науқастар ересек адамның сүйемелдеуімен ауруханаға жатқызылады. 

Жекелеген ауыр жағдайларда 5 жастан асқан балалар да аурухана бөлімшесінің меңгерушісімен келісілгеннен кейін ересектермен бірге ауруханаға жатқызылуы мүмкін. Қажет болған жағдайда ертіп жүруші еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ала алады.

Жоспарлы емдеуге жатқызуды Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы тұрғылықты жері бойынша учаскелік дәрігер (жалпы практика дәрігері, педиатр) ресімдейді. 

Стационармен жоспарлы емдеуге жатқызу күні расталған кезде учаскелік дәрігер қажетті зерттеулер мен талдаулардың нәтижелері бар баланың медициналық картасынан үзінді көшірме жасайды. Бұл тізбе медициналық көмектің бейініне байланысты ерекшеленуі мүмкін, мысалы, Педиатрия және хирургия ғылыми орталығының міндетті тізіміне мынадай құжаттар кіреді: бала үшін - стационарға емдеуге жатқызуға жолдама, портал бойынша жоспарлы емдеуге жатқызу талоны, баланың даму тарихынан үзінді, егу картасы, соңғы айдағы баланың эпидемиологиялық ортасы туралы анықтама, қышыма, дерматомикоз, педикулез, жалпы қан талдауы, микрореакцияға қан, бак. патогенді флораға нәжіс, гепатит вирусына маркерлер, АИТВ-ға қан, Covid-19-ға ПТР, гельминт жұмыртқаларына қырынды. Еріп жүретін ересек адам үшін – флюорография, микрореакцияға қан, гельминт жұмыртқаларына қырынды, Covid-19-ға ПТР, ертіп жүретін адамға баланың заңды өкілінің сенімхаты (нотариалды куәландырылған).

 Ауруханаға жатқызу кезінде науқасқа еріп жүретін ересек адам не күте алады?

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес бейініне қарамастан кез келген ауруханада бір жасқа дейінгі баланы емізетін ана сол жерде жатқан барлық кезеңде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. 5 жасқа дейінгі балаларды ертіп жүретін адам төсек орынмен қамтамасыз етіледі.

Мектеп жасына дейінгі балалардың бос уақыты мен стационар базасында мектеп оқушыларының оқу процесі қалай құрылады?

Әрбір жеке медициналық ұйым оқу процесін медициналық көмек көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес құрады. Мысалы, ПБХҒО-да білім беру мектебі жұмыс істейді (Алматы қ. ББ №70 ЖББМ бекітілген), барлық пәндер бойынша 33 оқытушыдан тұратын құрам күн сайын екі ауысымда жұмыс істейді. Сондай-ақ, орталықта психологтар, тәрбиешілер тобы жұмыс істейді, қажет болған жағдайда басқа да мамандар тартылады. Әр бөлімшеде жиһазбен, кабельді теледидармен, ойыншықтармен жабдықталған ойын бөлмелері бар. Смарт-сыныптарда, ойын бөлмелерінде топтық және жеке дамыту сабақтары өткізіледі, бөлімшелерде тұрақты негізде мерекелер, мастер-кластар және т. б. іс-шаралар өткізіледі.

Қандай жағдайларда (оның ішінде медициналық көрсеткіштер бойынша) стационарда ересек адамның болуына жол берілмейді?

Бала күтімі жөніндегі стационарға жіті инфекциялық аурулар, оның ішінде туберкулез, COVID-19 белгілері бар, сондай-ақ психикалық, тері-венерологиялық аурулары, алкоголизм, нашақорлық, 24 аптадан астам жүктілік жағдайындағы, 65 жастан асқан адамдар жіберілмейді. 

Туыстардың пациенттерге келуінің, сәлемдемелер қабылдаудың ережесі. 

Covid-19 бойынша карантиндік шараларға байланысты стационарлар туыстарына келу және сәлемдемелер қабылдау ережелерін қайта қарады. Мысалы, ПБХҒО кіре берісінде туыстардан сәлемдемелер қабылдау пункті ұйымдастырылды. Берілетін пакеттерді сыртқы өңдеуден кейін оны әрбір пациентке палатаға дейін жеке жеткізу жүргізіледі.

Стационарға өзіңізбен бірге алып баруға ұсынылатын жеке заттар мен керек-жарақтар

 1. Құжаттар: ауруханаға жатқызуға жолдама, талон, ауру тарихынан үзінді, баланың туу туралы куәлігі, ересек адамның жеке куәлігі, амбулаториялық карточка және пациенттің ауруына байланысты тексеру нәтижелері.

2. Стационарға арналған киім.

3. Ауыстырылатын аяқ киім: тәпішке (резеңкеден болғаны дұрыс).

4. Жеке гигиена құралдары. 

5. Ұялы телефон және қуаттағыш.

6. Жеке ыдыс-аяқ (қажет болса).

Өзгелердің жаңалығы