Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қоғам қайраткері, психолог, 11 баланың анасы Құралай Жұмабекова Ақмола өңірінде көпбалалы аналар, жалғызбасты әйелдердің құқын қорғауға бағытталған маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыруда.
Тілші: Асырап алушы ата-аналар мектебін ашудағы мақсат не? Қамқоршы болуға не түрткі болды?
– Білімім бойынша психологпын. Асырап алушы ата-аналар мектебін ашуға ұсыныс білдірген – «Аналар үйі» қоғамдық қоры. Жобаны сәтті жүзеге асыру үшін балалар үйінде бірнеше ай тұрып, оқушылардың психологиясымен танысу керек болды. Біз онда әлеуметтік сауалнама, тренингтер өткіздік. 2016 жылы кеңес беру кабинетін аштым. Өзім алты баланың анасымын. Бірде жұбайыма балалар үйіндегі қыз балаға қамқоршы болу жөнінде ұсыныс айттым. Біз баланы бір айға үйімізге қонаққа шақырдық. Ол інісі барын, оны ұзақ уақыт қалдырғысы келмейтінін айтты. Сөйтіп, інісін де шақырдық. Ол әпкелері мен ағаларын да алуды өтінді. Осылайша, біз бес баланың қамқоршы ата-анасы атандық, кейін олардың туыстарын да таптық. Қазір олар бір-бірімен араласып тұрады. Бір қызымыз тұрмысқа шықты, немереміз де бар.
Тілші: Балалардың басқа отбасы мүшелерімен ортақ тіл табысуы қиындық тудырмай ма?
– Шын мәнінде, балалар үйінен бала асырап алу қиын қадам, ол моральдық, психологиялық дайындықты қажет етеді. Балалар үйінің тәрбиеленушілері күрделі сипатқа ие, олар сатқындық жасағаны үшін ата-аналарына ренішпен өмір сүреді. Олар басқалардың сезімдерінің шынайылығына күмәнданады. Әр баланың қилы тағдыры бар. Патронаттық отбасылардан қанша бала қайтарылатыны көбіне беймәлім. Біз психолог болғандықтан, көптеген әдіс арқылы патронаттық ата-аналарға өзгенің баласын ауыртпалықсыз сүюге қалай көмектесуді білеміз. Ақпарат жинау барысында балалар үйіндегі балалардың 80%-ның ата-аналары тірі екені анықталды, көбі ата-аналық құқынан айырылғандар. Балалармен көп тілдестім, олар ештеңеге қарамастан, ата-аналарын жақсы көреді, оларды үнемі күтеді және отбасына ораламын деп үміттенеді. Өз басым балалар үйлерін жауып, асырап алушы отбасыларды көбейту керек деп санаймын.
Тілші: Сіз, сондай-ақ, психологиядағы танымал бағыт – родологиямен айналысасыз. Бұл саладағы білім өмірді қаншалықты жеңілдетеді?
–Қазақы тілмен айтқанда, Тектану ғылымы бойынша семинарға қатысып, балалар үйінің тәрбиеленушілерімен жұмыс істеуге қызығушылық таныттым. Бұл ғылым балалар тұқым қуалайтын жадымен туады деп болжайды. Олардың тағдырларына шыққан тегі әсер етуі мүмкін. Сондықтан тегіңді білу өте маңызды. Мысалы, біздің асырап алған ұлымыз Максимнің атасы әйгілі темір ұстасы болған, шеберлер әулетінен, ағасы дәнекерлеуші. Максимнің де осыған бейімділігі бар. Бұл қабілетті дамытса, болашақта жақсы маман болып қалыптасары анық. Тағы бір қызымыз Альбинаға тігіншілік пен суретшілік өнері әжесінен дарыған. Қызымызға тігін машинасын сатып әпердік. Колледжде тігінші мамандығы бойынша білім алды.
Бала асырап алушылар мектебіндегі дәрістерде біз адамдардың бала асырап алғысы келу себептерін анықтаймыз. Родологтарға әртүрлі мәселелер бойынша жүгінеді. Қыздар тұрмысқа шыға алмаса немесе ажырасқанда біз рулық бағдарламаны қарауды ұсынамыз. Некеге қатысты психологиялық проблемалар тек арқылы берілуі мүмкін. Қай жағдайда да генограмманы зерттеуіңіз керек.
Тілші: Аналар үйінің жұмысы туралы айтып өтсеңіз...
– «Аналар үйі» қоғамдық қоры – кәсіпкер Айдын Рахымбаев және басқа да бизнесмендер ұйымдастырған қайырымдылық әлеуметтік жоба. Қазіргі уақытта республика бойынша 19 қалада 21 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Қор жұмыс істеген кезеңде республика бойынша 4500-ден астам баланы жетімдіктен құтқарды. 2014 жылдан бастап біздің мекемеде 106 әйел мен 108 балаға көмек көрсетілді, 10-ы отбасымен қауышты.
Бастапқыда коттедждерді жалға алдық, өйткені біздің қамқорлығымызда 18 әйел болды. Біз оларды масылдыққа бой алдырмауға үйретеміз. Жарты жыл ішінде оларға қосымша білім алуға немесе қажетті мамандыққа қайта оқуға, жұмысқа орналасуға және қажетті құжаттарды ресімдеуге, тұрғын үй табуға, жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек алуға, қажет болған жағдайда медициналық мекемелерде емделуге көмектесеміз. Жас аналармен психологтар жұмыс істейді. Көрсетілетін қызмет, тұру, тамақтану тегін. Жұмыс іздеген кезде оларға ыңғайлы болуын қадағалаймыз. Қыздар бір-біріне көмектеседі, балаларға қарайды, бірге баспана жалдайды. Алғашқы кезде көмек-қолдау керек. Ең бастысы, олар балаларынан бас тартқан жоқ. Аналар үйіндегі көптеген қыз балалар үйінің тәрбиеленушілері болғандықтан, пәтер алуда да қиындықтарға тап болып жатады.
Тілші: Адам өмір бойы іздену керек деген пікірмен келісесіз бе?
– Мен оқу, тың ақпарат жинауды ұнатамын. Бұл менің өмірімді қызықты етеді. Өйткені, өмірге шығармашылықпен қарау керек. Жастайымнан еңбекке араластым. 13 жасымнан арнайы құрылғымен сиыр саууды үйрендім, кейін сауыншы болып жұмыс істедім. Диірменде бригадирдің көмекшісі де болдым. Ұнның сапасын, дәннің ылғалдылығын анықтай аламын. Ізденуден жалыққан емеспін. Карантин кезінде екі онлайн курстан өтіп, сертификат алдым. Білімді игерудің ерте-кеші жоқ, бастысы - мақсат қою.
Карантин кезінде балалармен уақытты тиімді өткізуге тырыстым. Бау-бақша ектік. Отбасылық бизнес аштық. Өткен жылы шаштараз курсын оқыдым. Қыздарым тігіншілік, массаж, nail, макияж жасауды игерді. Балаларды жастайынан шығармашылық пен жұмысқа баулу керек. Сондай-ақ олармен өмірлік тәжірибе туралы көбірек сөйлесу керек деп санаймын. Мұның бәрі біздің отбасымызды біріктіреді және жағымды эмоциялар қосады. Маған қарап балаларым үйренеді. Бұл - тәрбиенің негізгі қағидасы. Айналада ақша табудың көптеген мүмкіндігі бар, бастысы, жалқау болмау. Адам өзінің сүйікті ісімен айналысқан кезде, бірдеңеге алаңдап, теріс құбылыстар туралы ойлануға уақыты болмайды.